
Еуразиялықтардың әл-ауқатын арттыру қамында биыл еңбекақынның өсім межесі де жоғары. ERG кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбекақысы әр мамандықтың тапшылығын, кадрлардың жиі жұмыс ауыстыруы мен еңбек нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған (дифференцияланған) түрде жоғарылған. Негізінен өндірістік персонал, соның ішінде еңбекақысы төмен мамандықтарға барынша екпін түсірілген. Компания жұмысшы персоналының еңбекақысын 20-35% ұлғайтты.
Нарықтардағы тұрақсыздық, пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, жалпы алғанда ERG-дің 2021 жылғы нәтижелері жақсы. Компания нарықтағы өз позицияларын сақтап, серіктестер мен тұтынушылар алдындағы міндеттемелерін толық орындап келеді. Ең бастысы – қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруды жалғастырып жатыр. Дәстүрлі 13-ші айлықтан бөлек, компанияның топ-менеджментінен басқа барлық қызметкерлер күрделі пандемия тұсындағы тұрақты жұмысы үшін 50 мың теңге көлемінде сыйақы алды.
Бұл орайда, 2016 жылдан бері еңбекақы осымен жетінші рет ұлғайтылып отырғанын айта кеткен абзал. Былтырғы жылы еңбекақы алдымен қаңтар айында 10,4%, кейін шілдеде орта есеппен тағы 10 пайызға өсті. Осылайша, өткен жылы еуразиялықтардың еңбекақысы орта есеппен 20 пайызға ұлғайды. Компания бұл мақсатқа 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Топ еңбекақы мөлшерін ұлғайта отырып, ұжымдық келісім шарттардағы және одан тыс әлеуметтік бағдарламалары мен қызметкерлеріне берілетін жеңілдіктерді сақтап қалады.