Артқа

Кеншілерге арналған өнер мерекесі: Astana Opera театрының ERG-дің «туған қалаларына» гастрольдері Рудныйға келді

16.06.2022

Кеншілерге арналған өнер мерекесі: Astana Opera театрының ERG-дің «туған қалаларына» гастрольдері Рудныйға келді

Өнерпаздардың Павлодар, Екібастұз бен Қарағанды қалаларындағы қойылымдарында ине шаншар орын болмай, көрермен көпке дейін қол соғып, труппаға ерекше ықылас танытты. Қойылымды ересектер мен балаларды қоса алғанда, жалпы саны 4 мың көрермен тамашалаған. Енді Рудныйдағы «Горняк» мәдени-сауық орталығында «ССКӨБ» АҚ қызметкерлері мен олардың отбасына арналған бағдарлама ұсынылады. Бұл Eurasian Resources Group-тің (ERG) корпоративтік бастамасы аясындағы гастрольдер бағдарламасындағы 4-ші қала және 7-ші қойылым.  

Театрдың гастрольдері ересектермен қатар балалар аудиториясына да арналған. Кішкентай көрермендер балаларға арналған интерактивті концерттен «Музыка әлеміне» жол тартты. Театрдың музыкатанушылары оларға скрипка мен үрмелі аспаптарды таныстырып, сопрано мен бас аралығындағы дауыстардың ерекшеліктерін жекелеп түсіндірді.  Жоғары кәсіби білікті музыканттар өздерінің вокалдық шеберліктерін паш етті.   

«Жібек саты» Рудныйда алғаш рет әрі итальян тілінде қойылғанына қарамастан көрермен қойылым драмтургиясына терең бойлап, кейіпкерлермен бірге қайғырып, біре қуанып отырды. Театр репертуарын 2019 жылы толықтырған Дж. Россини туындысы өнер сыншылары тарапынан жоғары бағаланған. Рудныйлық көрерменге бас партияны театрдың жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай шырқады.

– Рудный көрермені алдына алғаш шығып отырмыз. «Жібек саты» операсы камералық залға шақталған. Яғни, қойылымға ықшам сахна қажет. Туынды ықшам, гастрольдерге ыңғайлы болғанымен, мазмұны бай. Әрі көрермен де оны жылы қабылдап, көпке дейін есінде сақтайды,- деді Жаннат Бақтай. –  Біздерге осындай түрлі сахналарда өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығудың өзі – бір ғанибет.

Бұл спектакльдегі өзге партияларды да опера сахнасының майталмандары мен халықаралық Astana Opera опера академиясында тәлім алып жүрген талантты жастар шырқады. Мәселен, Дорвильді Артур Габдиев, Дормонттың образын Рамзат Балакшиев сомдаса, Алтынбек Әбілда кеншілерге Джермано ретінде танылды. Бланзак пен Лючилла партияларын опера театрының солистері Евгений Чайников пен Татьяна Вицинскаялар шырқады. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілік ететін Astana Opera-ның камералық оркестрі сүйемелдеді.

«Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ) мен ERG-дің өзге кәсіпорындарында еңбек ететін қызметкерлер қос бірдей концертті тамашалады.

Шара Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұйымдастырылған.

–  «Astana Opera» театры Рудный сахнасында алғаш рет өнер көрсетіп отыр. ССКӨБ қызметкерлері мен  олардың отбасы мүшелерінің осындай ауқымды өнер шарасына қатыса алуы біз үшін маңызды. Біз театр ұжымына осы шақыртуды қабыл алып, біз ғана емес, Топтың өзге де кәсіпорындарының мамандарына ерекше қойылым ұсынғандары үшін алғыс айтамыз. Театрға шығармашылық табыс тілеп, Рудный сахнасынан да оларды жиі көрсек деген ізгі тілек білдіреміз, - деді  «ССКӨБ» АҚ әлеуметтік жұмыс жөніндегі менеджері Александр Макаренко.

Гастролдер осы айдың соңында Ақтөбе қаласында түйінделеді. Маусымның 28-і күні театр труппасы «Өнер орталығының» сахнасына шығады. Онда өнерпаздарды «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкерлері мен олардың отбасылары тағатсыздана күтіп жүр.