ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ-ның филиалы - Дөң тау-кен байыту комбинатының кенді байыту және кесектеу фабрикасында ұсату учаскесінің өнімділігін айтарлықтай арттырған шешім енгізілді. Шахта мен карьерлерден келетін кен ағындарын бөлудің жаңа сызбасы қайта өңделетін материал көлемін екі есеге артуына сеп болды.
Бүгінде фабрикада екі технологиялық желі бар: шахталық және карьерлік (негізгі). Бұрын конвейерден кейін хром кені екі бағыттың біреуіне ғана жөнелтілетін: не өз жолын карьерлік желі арқылы жалғастыратын, жабдық жөндеуге тоқтаған немесе апаттық жағдай туындаған кезде өнімділігі әлдеқайда төмен шахталық желіге бағытталатын. Фабриканың техникалық мамандары бір жүк түсіру ойығының орнына екеуін орнатуды ұсынды. Мұндай жаңашыл шешім материал ағындарын қуатты жоғалтпай және жабдықтың тоқтап қалуынсыз бір мезгілде шахталық және карьерлік желілерге бағыттауға мүмкіндік берді.
- Бұл ұсынысты сол фабриканың мамандары әзірлеп, жүзеге асырды. Олардың бастамалары біздің ұжымның тек тапсырмаларды орындап қана қоймай, көрсеткіштерді арттырудың жаңа жолдарын таба алатын мықты команда екенін көрсетеді. Осындай әрбір қадам бізді технологиялық тұрғыдан тұрақты және бәсекеге қабілетті етеді, - деп атап өтті Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов.
Енді кен ағыны әлдеқайда жылдам қозғалады. Ал хром кенін сұрыптау бұрынғы екі електің орнына бірден төрт електе жүзеге асады. Карьерлік желінің өнімділігі сағатына 450-550 тоннадан 850 тоннаға дейін артты. Сонымен қатар, барлық байыту үдерісіне оң әсер ететін фракцияларға бөлу сапасы да жақсарды.
- Қазіргі таңда Қазхромда кенді байыту кезеңіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыт өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, табиғи ресурстарға ұқыпты қараумен де тікелей байланысты. Байыту сапасы неғұрлым жоғары болса, шикізат соғұрлым толық пайдаланылады, шығын мен қалдық азаяды, демек экономикалық және экологиялық тиімділік артады. Бұл ERG компаниясының күн сайын жүйелі түрде айналысып келе жатқан бағыты, экологиялық стратегиясының маңызды бөлігі, - дейді "Қазхром" ТҰК" АҚ-ның бас директоры Сергей Прокопьев.