Eurasian Resources Group пен Ақтөбе облысының әкімдігі әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы серіктестік туралы меморандум жасасты.
Eurasian Resources Group пен Ақтөбе облысының әкімдігі әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы серіктестік туралы меморандум жасасты.
Құжатқа Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен Eurasian Resources Group-тің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов қол қойды.
Меморандумға енген жобалар сауалнама нәтижесінде іріктеліп алынған. Сарапшылардың мұқият талдауынан кейін әлеуметтік бағыттағы іске асуы тиіс ең маңызды жобалар айқандалды.
– ERG қызметін бастағалы бергі 30 жыл бойы кәсіпорындары шоғырланған өңірлердегі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ұмтылып келеді. Біздің негізгі миссия – қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелерін, «туған қалаларымыздың» тұрғындарын бақытты ету. Сол үшін біз баспана, мектеп, спорт және мәдениет орталықтарын салып келеміз. Биыл да өңір басшыларымен бірлесіп, тұрғындардың бастамаларын қолдап, білім беру мен спортты дамытамыз, – деді ERG бақылаушы кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.
Қалыптасқан дәстүр бойынша меморандумдарда орта және арнаулы орта білім беру саласына жіті көңіл бөлінеді. Осы тұрғыда ERG Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қаржыландыруды қолға алды. Тіпті өңірлердегі колледждердің білім беру сапасын жоғарылатуға кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламалары, «ERG колледждерге» бағдарламасы аясындағы халықаралық тағылымдамалар да өз септігін тигізбек. Одан бөлек, ERG Хромтау қаласында балабақша салу ісіне жәрдем береді.
Меморандум аясында биыл бірқатар денсаулық сақтау нысандарына медициналық аппараттар сатып алынбақ. Атап айтқанда: Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына денесін күйік шалған науқастарға арналған төсек-орын және Батыс Қазақстан медицина университетіне ультра дыбыстық зерттеу жабдығы.
Ақтөбе мен Хромтау қалаларындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жұмысы қаржыландырылады. Бүгінде бұл үйірмелерде 1 200 бала жаттығып жүр. Одан бөлек, Ақтөбенің футбол академиясын қолдау көзделген.
Компанияның қолдауымен Хромтауда 400 орынға есептелген мәдениет орталығы салынып жатыр. Ақтөбе қаласындағы Алтын орда ауданындағы шағын бақ абаттандырылып, қалада саябақ құрылысы жоспарланған. Одан бөлек, Хромтаудағы «Горняк» мәдениет үйіне көмек көрсетіліп, облыстағы өзге руханият ордаларына (Хромтау ауданының «Нұр» мешіті, Хромтаудағы Серафим Саровский православ шіркеуі мен Хромтаудағы қасиетті Отбасы рим-католик шіркеуі) да жәрдем беріледі. Тіпті, қоғамдық орындар да абаттандырылмақ.
Хромтаудың жылу желілерін, сумен қамтамасыз ету және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оған қоса, қала көшелерін тазартуға қажетті арнайы техника сатып алынады.
Компанияның тағы бір артықшылығы – тұрғындардың өздері ойлап тауып, әзірлеген жаңа бастамаларын қолдайды. Жылт еткен идеядан туындаған бастаманы дайын жобаға айналдыруға білікті сарапшылар септеседі. Сонымен жеңімпаз жобаларды тұрғындардың өздері дауыс беріп, таңдайды. Осы орайда жыл өткен сайын қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты бастамалар саны мен тұрғындар талпынысы жақсы деуге болады. Соның арқасында елді мекеннің бюджетін үлестіру мен қаланы абаттандыруға белсене қатысып, атсалысу мәдениеті қалыптасып келеді. Үлкен жетістіктің бірі – корпоративтік «Tugan Qala» бастамасы аясында Хромтауда 15 абаттандыру жобасы қаржыландырылады.
ERG қызметі бастағалы бергі 30 жыл бойы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, меморандумдар аясында осыған дейін де біраз жобаның жүзеге асқаны бәріне мәлім. Бүгінде ERG-дің кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі – 310 млрд теңгеден асқан. ERG қызметін бастағалы бері жалпы сомасы 95 млрд теңгелік меморандумдарға қол қойған.