Ақсулық металлургтер қоныстойын тойлауда

ERG құрамындағы («Қазхром»ТҰК» АҚ) Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері жаңа пәтер кілтіне ие болды. Зауыт жұмысшылары корпоративтік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналарын бастапқы жарнасыз жеңілдікпен алған.

ERG құрамындағы («Қазхром»ТҰК» АҚ) Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері жаңа пәтер кілтіне ие болды. Зауыт жұмысшылары корпоративтік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналарын бастапқы жарнасыз жеңілдікпен алған.

ERG басшылығы мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арасында жасалған келісімшарт бойынша металлургтер пәтерлеріне ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен (3,1%) 20 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеу арқылы қол жеткізді.

            Баспана кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі бес қабатты жаңа үйдің ауласында өтті. Үйлі болғандар қатарында негізгі және перспективалы мамандық иелері, тапшы мамандық өкілдері, зауыттың қоғамдық өміріне белсене араласатын жас қызметкерлер бар.

– Әр отбасының өзіндік қалыптасқан дәстүрі болады. Сол секілді үлкен отбасы саналатын  «Қазхромның» да өзіне сай үрдісі бар. Бұл – қазхромдықтар баспаналарын қолжетімді бағамен сатып ала алатын тұрғын үй бағдарламасы. Біз қызметкерлеріміздің бақытты болғанын қалаймыз. Әрине, әр адамның өз шаңырағы болғаны – әл-ауқаттың деңгейін көрсетеді, – деді «Қазхром»ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.

Тұрғындар қазірдің өзінде жаңа үйлерінің сыртқы келбеті мен орналасқан жерін жоғары бағалап, риза болды. Үш подъезд, бес қабатты ғимаратта 60  пәтер бар. Оның жалпы ауданы – 4073 шаршы метр. Екі бөлмелі пәтерлердің ауданы – 60 м2 дейін. Ал үш бөлмелі пәтерлер – 76 м2. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін әр подъезд электрлі лифтімен жабдықталған. Бұл мүгедектер арбасында отыратындар мен сәбилері кішкентай аналарға бірінші қабатқа түсуге көмектеседі.

Пәтерлерге электр плиталары орнатылған. Оның үстіне қуаныш иелеріне зауыт әкімшілігі мен кәсіподақ комитетінің сыйға тартқан микротолқынды пештері де бар.

Жаңа пәтердің бірі қож өңдеу цехының ауысым шебері Табиғат Құлжановтың отбасына бұйырды. 26 жаста болса да, қызметкер өндірісте де, зауыттың қоғамдық өмірінде де өзін жақсы жағынан көрсете білген.

– Тұрғын үй бағдарламасының жеңілдетілген шарттары бойынша үш бөлмелі, кең пәтер алдым. Бақыттымын. Отбасымызбен үйді алғаш көргенде, ұлым тіпті кеткісі келмеді. Жұбайым екеуіміз жақында екінші рет ата-ана атанамыз. Сондықтан мұндай жарық, кең пәтер біз үшін өте маңызды. Осындай мүмкіндік сыйлаған компаниямызға рақмет, – дейді Табиғат Құлжанов.

Естеріңізге сала кетейік, ERG тұрғын үй бағдарламасын 2009 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшыларына 7 үй салынып, 360 отбасы баспаналы болды.