20 Тамыз 2024

Хромтауда тұңғыш рет қоян-қолтық ұрыстан III халықаралық турнир өтті

Хромтау қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қоян-қолтық ұрыстан III халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Биылғы жылдың ең ірі спорттық додасына айналған бұл шара жүздеген қатысушылар мен жанкүйерлердің басын қосты. Турнирді ұйымдастыруға жергілікті тұрғын бастамашы болды. Оған «Tugan Qala» жобасы септесті. Жоба үш жылдан бері халықтың бастамаларын іске асыруға жәрдемдесіп келеді.

Тартысты бәсекеге Қазақстанның 8 облысы мен Ресейдің 5 қаласынан 6 мен 17 жас аралығындағы 250-ден астам балуан қатысты. Үш күн бойы 25 команда әр түрлі салмақ дәрежесінде өз өнерлерін көрсетіп, жоғары дайындық пен жеңіске деген құштарлықтарын паш етті.

– Бұл жай жарыс емес. Мұнда жас спортшылар тәжірибе алмасып, өз өнерлерін шыңдайды. Әр бала үшін бұл — үлкен тәжірибе, – деп атап өтті турнирдің бастамашысы Иван Нестеренко.

Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Нұрлан Саринжипов те бұл шараның маңызын атап өтті.

 – Бұл турнир — «Tugan Qala» жобасының жемісі, – дейді ол. – Біз тек спортты ғана емес, жергілікті қауымдастықтардың бірлігін де нығайтқымыз келеді. Жоба «Қазхромның» екі қаласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қуаныштысы, оған біздің қызметкерлер де, зейнеткерлер де атсалысады. Олар қаланы көркейту үшін өз ойларын айтып, жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі.

Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов турнирді жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақтөбе қаласының «Жауынгер» клубы олжалады. Күміс медальді Ресей клубтарының құрама командасы еншіледі. Ал қола медаль халықаралық аренада туған қаласының намысын қорғаған Хромтау балуандарына бұйырды.

Бұл турнир Хромтау қаласына үлкен мүмкіндік берді. Енді мұнда халықаралық деңгейдегі спорт жарыстарын өткізуге болады. Ұйымдастырушылар келесі жылы қатысушылар географиясын кеңейтіп, тіпті Орталық Азияның өзге елдерінен командалар шақыруды көздеп отыр.

Айта кетерлігі, бұл турнир 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Tugan Qala» жобасының бір парасы. Жоба тұрғындарды өз қалаларын көркейтуге және дамытуға жұмылдыруға бағытталған. Бес жыл ішінде «Tugan Qala» аясында бес елді мекенде: Хромтау, Ақсу, Рудный, Қашар және Октябрь кентінде 97 жоба жүзеге асты. Жалпы инвестиция көлемі 690 млн теңгеден асып жығылды.

«Tugan Qala» жобасы қала тынысының сан алуан қырларын қамтиды – спорт алаңдарын салудан бастап ескерткіштер орнату мен қабырға суреттерін салуға дейін. Әсіресе, жобаларды таңдау кезінде қала тұрғындарының белсенді қатысуы (4-тен 10%-ға дейін) көңіл көншітеді. Бұл азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Қоян-қолтық ұрыс турнирі түрлі елдер мен аймақтардан келген спортшыларды бір алаңға жинап, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізді. Осылайша, бастапқыда қалалық деңгейде ұйымдастырылған жарыс халықаралық маңызы бар спорттық іс-шараға айналды.