Eurasian Resources Group отандық өндірушіден өнеркәсіптік кондиционерлер сатып алуға offtake-контракт жасасты

Eurasian Resources Group (ERG) қазақстандық өндіруші – «STS-PV» ЖШС-мен кондицинер жеткізуге қатысты келісім шарт жасасты. Құжатқа 29-шы Орта Азиялық халықаралық «Тау-кен жабдығы, кен мен минералдарды өндіру және байыту» көрмесінде қол қойылған.

Шарт аясында Топ кәсіпорындарының өндіріс алаңдарына жалпы сомасы 100 миллион теңгенің ауа баптайтын жабдықтары жеткізіліп, тәжірибелік сынақтан өткізіледі.

 ERG импортты алмастыру бағдарламаларына барынша белсенді атсалысып, жергілікті жерде өндірісті ұлғайту мүмкіндігі бар серіктестікке бейіл. Бүгін қол қойылған offtake-контракт Мемлекет басшысының елішілік құндылықты ұлғайту тапсырмасын орындауға талпыныс. ERG елдегі өндіріс пен көрсетілетін қызметті нығайту қамында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды» деп атап айтқан болатын.

Осы орайда, ERG жыл басынан бері қазақстандық өндірушілермен жалпы сомасы 40 млрд теңгеден асатын 21 offtake-келісім шарт жасасқан. Бұл компанияның жергілікті кәсіпкерлікті дамытып, олардың орнықты әрі серпінді дамуына септескені.

– Біздің компания бар ресурсын өндірісті жақсарту, қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыру мен оларға қолайлы жағдай жасауға жұмсайды. Өнеркәсіп алаңдарына ауа баптағыштар орнату, өндірістегі процестерді жетілдіру қамындағы қосымша қадамдар. Бұл пилоттық сынақ сәтті өтсе, Топ кәсіпорындарына экономикалық тиімділік әкеледі деген үміттеміз. Оfftake-контракт жасау елімізде жаңа өндірістерді дамытуға, өндірушілерге өнімнің тиісті көлемі сатыларына кепіл болып, екінші деңгейлі банктерден қаржыландыру алу мен инвестициялар  тартуға негіз бола алады,- деді «ERG Коммерция орталығы» ЖШС-ның Бас директоры Руслан Мулюкбаев.

ERG-дің жыл сайынғы сатып алуларының жалпы көлемі – 1,7 трлн теңгеге жуықтайды. Өткен жылдың қорытындысында ондағы отандық тауарөндірушілер мен қызмет ұсынушылардың үлесі – 68%.  

ERG 2020 жылы импортты алмастыру бағдарламасын қолға алған. Оның аясында кез келген қазақстандық өндіруші біздің елде өндірісін ашып, жолға қойғысы келетін тауар немесе тауарлар түрін атап көрсетіп, өтінім бере алады. Өтінім қолдау тапса, ERG бұл компаниямен ұзақмерзімді шарт немесе оффтейк-келісімін жасаса алады. ERG-дің Коммерция орталығы 2020-2023 жылдар аралығында бұрын шеттен алынып келген 2 млрд теңгелік 174 тауар түрін отандық тауарөндірушілерден сатып алып, импортты алмастырған. Қазір бағдарламаға енген тауарлар тізімінде 19 мың өнім түрі бар. Олар түгелдей дерлік – импортталатын өнім. Яғни, Қазақстанда осы түрлерінің өндірісін жолға қою мүмкіндігі бар.