08 Қазан 2024

«Шұбаркөл көмір» АҚ кенішінде халыққа жөнелтуге қажетті көмір қоры жеткілікті

Қазақстандағы күлділігі төмен жоғары сапалы көмірдің ірі өндірушісі – ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ қалыпты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Көмірді өз көлігімен алып кету қосыны демалысыз, тәулік бойы қызмет етеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың шілдесінен бастап кеніштегі көмірді өздігінен алып кету орны әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні кезек жоқ. Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалған. 

Көмірді алып кету орнында көмірдің бір тоннасының бағасы – 8 790 теңге (ҚҚС қосқанда).

– Көмірді алып кету орнында көмір қоры жеткілікті. Біз жауапты кәсіпорын ретінде тұтынушылар алдындағы міндетімізді орындау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз, – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ бас инженері – операциялық директоры Саят Абжанов.

Өткен жылы кәсіпорын 13,8 миллион тоннадан астам көмір өндірген. Биылғы жоспар – 14,4 млн. тонна.

Компания үнемі дамуға және жаңаруға ұмтылады. Инвестициялық бағдарлама аясында құрал-жабдықтар жыл сайын жаңартылып отырады. Соңғы 5 жылда 44 түрлі техника сатып алынды. Негізгі жұмыс жабдығы – экскаваторлар, оның ішінде жапондық Hitachi фирмасының өнімділігі жоғары гидравликалық үлгілері мен ресейлік ЭКГ экскаваторлары. Тау массасы мен көмірді жүк көтерімділігі 60-тан 220 тоннаға дейінгі Caterpillar және Hitachi автосамосвалдары тасымалдайды. Жолдарды дайындау және тиеу жұмыстарын орындау үшін бульдозерлер, грейдерлер және жүк тиегіштер қолданылады.

2006 жылдан бастап кәсіпорын арнайы кокс, көмір майы мен шайыр, сондай-ақ белсендірілген көмір және сұйық гуминді тыңайтқыштар шығарумен айналысады. Өнімдердің басым бөлігі ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып, импортты алмастыруға ықпал етеді.

Компания қызмет көрсетуді жақсарту және тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру қамындағы жұмысын жалғастыруда.