10 Қаңтар 2025

mezgil.kz 09.01.25 – «Шұбаркөлдің» алып жанұясы немесе еңбек адамдары не дейді?

Жұмысшы мамандықтар жылы: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын.

«Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал осының алдында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Біз жуырда 3 мыңға жуық адам табан ақы, маңдай терін төгіп, адал еңбегінің арқасында отбасын асырап отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ кен орны мен Қазақстанда теңдесі жоқ арнайы кокс шығаратын «Шұбаркөл көмір» кокс-химиялық зауытына сапарлап бардық.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген мың үйді, миллиондаған адамды өзінің қара көмірімен жылытып, еліміздің ірілі-ұсақты өндірістерінің жұмысына жан бітіріп, тіршілігін келтіріп отырған «Шұбаркөлдің» көмірін білмейтін жан жоқ шығар. Биыл жұмыс жасай бастағанына 40 жыл толатын алып ұжым – бұл күндері алып отбасына айналған десек қаталеспейміз. Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге, ОА елдері мен ТМД елдеріне көмір мен көмір өнімдерін экспорттап отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ-да бұл күндері 3 мың адам еңбек етуде.

Ал 2024 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ базасында Қазақстандағы алғашқы болып ашылған арнайы кокс шығаратын зауыттың жылдық өнімділік қуаты 400 мың тоннаны құрайды екен. Бұл Қазақстан Үкіметінің «өндірісті әртараптандыру» туралы жоспарының үдесінен шығатын бірегей жоба.

«Шұбаркөл көмір» АҚ құрамына кіретін ERG компаниялар тобының құрамына кіреді. «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Шұбаркөлдегі» жаңа һәм баламасы жоқ зауыт пен ондағы өнімдер Президенттің «өндірістің барлық сатысын өз елімізде жүзеге асыру» туралы тапсырмасына сай келетінін айтады.

дереккөзі