ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметінің негізгі бағыттары бойынша жаңа салалық рекордтар орнатты. 2024 жылы хром кенін өндіру көлемі 6 миллион тоннадан асып, 2023 жылғы көрсеткіштен 16%-ға артты. Ферроқорытпа өндірісі 1,864 миллион тонна деңгейінде тарихи шегіне жетіп, өткен жылғы нәтижелерден 14%-ға артты.
Өнімділіктің артуына ықпал еткен маңызды факторлардың бірі – кен өндіру мен дайын өнім өндірісінің тиімділігін арттыратын бірқатар операциондық шараларды енгізу және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру.
– Отыз жыл – компания үшін елеулі меже. Қол жеткізген нәтижелер өндірісті жаңарту мен экспорттық әлеуетті дамытудың таңдалған стратегиясының дұрыстығын дәлелдеді, – деп атап өтті «Қазхром» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев. – Ұжымымыздың үйлесімді жұмысы мен белгіленген бағытты нақты ұстану арқасында біз өнеркәсіптегі қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, халықаралық нарықтағы позициямызды нығайта алдық. Ал, бұл дегеніміз компания қызмет етіп жатқан аймақтардағы жергілікті қоғамдастықтардың тұрақты дамуына инвестиция бағытауды жалғастыратынын білдіреді.
«Қазхром» ТҰК» АҚ – әлемдегі ірі жоғары көміртекті феррохром өндіруші. 2024 жылы компания Дөң тау-кен байыту комбинатында жылына 7,5 миллион тонна хром кенін өндіретін «Болашақ» жаңа шахтасын іске қосты. «Болашақ» шахтасы – «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» екі кен орнын игеруді қамтиды және бүгінде қара металл кендері өндірілетін әлемдегі ең терең шахта. Мұнда тау-кен жұмыстары 800-ден 1200 метр тереңдіктегі бес жер асты горизонтында жүргізіледі. ERG аталған шахтаның құрылысы мен оны жобалық қуатқа шығаруға 1 триллион теңгеден астам инвестиция құйды.
«Қазхром» өзінің мерейтойында, 2025 жылы өнімділікті арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарламаны жалғастырады. Оның негізгі жобаларына «Болашақ» жаңа шахтасын жобалық қуатқа шығару, Дөң тау-кен комбинатының байыту фабрикаларында хром өнімін шығаруды арттыру, ERG Green жобасын дамыту, жаңа кен орындарын іздеу және игеру, ферроқорытпа зауыттарындағы балқыту пештерін жаңарту жатады.