11 Ақпан 2025

egemen.kz 11.02.25 – ERG әлеуметтік жобаларға басымдық береді

Хромтау қаласында заманауи сахна, цифрлық фильм көрсету жүйесі, шығармашылық үйірмелерге арналған бірнеше кабинеті бар 400 орындық мәдени-демалыс орталығы ашылды. Нысан Eurasian Resources Group (ERG) пен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында салынды.

Оның құрылысына ERG құра­мындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ы 1,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Хромтау ауданының 90 жылдығына, Жұмысшы мамандықтары жы­лы­ның басталуына орай орта­лықта алғашқы іс-шара өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, заманауи мәдениет ошағының өнер мен руханиятты ұлықтайтын, жастардың шығармашылығын шыңдайтын маңызды нысанға айналатындығын атап өтті.

Мәдени-демалыс орта­лы­ғы­ның ашылуына «Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов та қатысты. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын ERG басшылығымен кездесулердің бірінде Дөң кен байыту ком­би­натының қызметкерлері Хром­тауда заманауи кинозал ашу ­туралы ұсыныс көтерген. Өйткені қала тұрғындары кино көру үшін облыс орталығына қатынап жүрген.

«Компания жайлы еңбек жағдай­ла­рына ғана емес, қыз­меткерлеріміздің демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөледі. Шахтерлер мен кеншілер қаласы үздіксіз өсіп келеді. Еңбеккерлеріміз бен Хромтау қаласы тұрғындарының сауалдарына сүйене отырып жүзеге асырылатын барлық жоба адам өмірін жақсартады деп ойлаймыз», деді С.Шахажанов.

Хромтау қаласындағы ­№5 ме­к­­­теп-гим­на­зиясында инно­ва­ция­­лық құрыл­­ғылар­мен жұмыс істейтін, роботтехни­каға арнал­ған «Codi Play», STEM кабинет­тері жасақтал­ған. Бұл балаларға ойын арқы­лы бағдарламалау мен IoT (ин­тер­нет заттар) технологияларын меңгеруге, сондай-ақ инженерлік ойлау, логикалық шешімдер қабылдау, заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Өңір басшысы осы гимназияда ERG ком­паниясының демеушілігімен жабдықталған инно­вациялық STEM кабинетімен танысты. Өткен жылы ERG 179,5 млн теңге инвестиция бөліп, осы қаражат­қа №5 мектеп-гим­назиясының оқу каби­неттеріне интерактив­ті тақ­талар орнатылды, асханасы жаңар­тылды, мәжіліс, спорт зал­дары қажетті жабдықтармен ­то­лықты.

Облыс әкіміне ERG жел электр стансасы да таныстырылды. 2024 жылдың соңында әрқайсысының қуаты 6,25 МВт болатын екі жел генераторы іске қосылып, Дөң кен байыту комбинатына қуат тарта бастады. Бұл – қазіргі уақытта елімізде жұмыс істеп тұрған ең қуатты жел генераторлары. «Хромтау» ЖЭС құрылысына 74 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Биыл жыл соңында барлық генератор іске қосылады деп жоспарлан­ған. Сол кезде Хромтаудан жылына 460 млн кВт/сағ электр қуаты өндіріледі. Баламалы «жасыл энергия» көзінің қосы­луы көміртектік қуат өндіргенде атмо­сфераға шығарылатын 440 мың тонна көмірқышқыл газы мен 4 мың тоннадан астам ластаушы зат шығарылымдарын жоюға мүмкіндік береді.

ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының жаңа зертханасы таныстырылды. Бұл жерде өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу әдістері жетілдіріліп, терең зертханалық талдаулар жүргізіледі. Осы жағынан компания басшылығы тарапы­­нан табиғат қорғау жүйе­сін же­тілдіру, қоршаған ортаны­ лас­тауды азайту, қал­дық­тар­ды терең өңдеу әдіс­те­ріне ерекше мән беріліп жатыр.

Екі апта бұрын Ақтөбе облысы әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасындағы жыл сайынғы дәстүрлі Меморандумға қол қойылды. Осы құжат негі­зінде Хромтау қаласында 800 млн­ теңгеге жабық жүзу бассейні са­лынады. Бассейн құрылысына қажет қаржының жартысын ERG биыл бөледі.

«ERG қызметін бастағалы Топ кәсіпорындары орналас­­қан өңірлер тұрғындарының тұр­­­мыс-тір­шілігін жақсартуға ба­сым­дық беріп, көпте­ген тұрғын үй, мектеп, спорт, мәде­ниет орта­­­лықтарын салды. Бұл жұ­мыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Биыл кәсіпорындарымыз орна­лас­қан қала тұрғындары­ның ұсы­ныс­ын ескере отырып, өңір бас­шы­ларымен бірге білім саласы мен спортты дамытуға мән береміз», дейді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

дереккөзі