EXPO көрме алаңында өткен "Жұмысшы мамандықтарының қаласы" фестивалі 5 күнге жалғасып, болашақ маман мен жұмыс беруші және кәсіптік-техникалық ұйымдар арасында дәнекер болды. Алаңда "ERG" компаниясына тиесілі стенд бар. Оған келген мыңдаған адам тау-кен жұмысы мен табиғатын танып білді.
"ERG" компаниясы жұмыс орындарына цифрлық трансформация жүргізіп, жаңа кәсіптерді қарқынды дамытып жатыр. Бірінші кезекте бұл қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға керек. Нәтижесінде, жүргізуші, ұңғылаушы мен кенші тау-кен техникасының операторына айналады. Топ кәсіпорындардағы 200 үдеріс пен 50-ге жуық мамандық цифрландырылған.
Елімізде тұңғыш рет "Шығыс" кенішінде жүргізушісі жоқ самосвалдар іске қосылды. Жаңа мамандық - жүргізушісі жоқ самосвал операторы деген мамандық пайда болды. Роботталған техника кешеніне бар болғаны 2 адам қызмет көрсетеді. Жүргізуші-оператор 3 көліктің жылдамдығы дұрыс болуын, қозғалыс траекториясы мен қауіпсіздігін бақылайды. Осы мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында жүргізушісі жоқ көліктер бүгінге дейін 1 млн тоннадан астам тау-кен массасын тасыды.
Ертеректе Дархан Ишанқұлов деген маман "ERG" компаниясына дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрған. Сұраныс болған соң, 2022 жылы қайта оқып, жаңа мамандық - "ауыр жүк көлігінің жүргізушісі" мамандығын меңгеріп алды. Таяуда дағдыларын одан әрі дамытып, қазір жүргізуші-оператор болып жұмысқа кірісті.
"Біз мұнымен тоқтамаймыз. Кәсіпорындарға жасанды интеллектіні енгіземіз. Ол барлық үдерісті автоматтандырып, қауіпсіздікті жақсартып, шығынды азайтуға септеседі. Мысалы, Дөң тау-кен байыту комбинатында шекемтас өндіретін телімдегі болат таспаның ахуалын бақылап, оған мониторинг жасайтын машиналық бақылау жүйесін орнаттық. Ол таспаның қызып кетуінің алдын алып, ақауларды тез табуға көмектеседі", деді ERG маманы Олжас Мамырбаев.
"ERG" тек өз мамандарын ғана дамытумен шектелмей, білім беру жүйесін, кадр даярлау ісін ілгерілетіп, әлемдік стандарттарға ілесуге өз үлесін қосып жүр. Осы орында компанияның жас жұмысшы мамандарын әңгімеге тарттық.
Қадыржан Жаулыбайдың мамандығы - электрмонтажшы. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Жасы 24-ке аяқ басқан маман қазірдің өзінде үлкен жетістікке жетіп, кәсіби маманға айналған. Колледжді тәмамдаған соң әскери борышын өтеп келіп, мамандығы бойынша айтылған комбинатқа қызметке тұрған. Өйткені ата-анасы мен туған-туысының көпшілігі сол кәсіпорында еңбек етеді. Ал өзі қызметімен қатар, оқуын Рудный қаласындағы Индустриялық институтта жалғастырып жатыр.
"Өткен жылы "ERG"-дің жас маманы ретінде Хромтау қаласында өткен "ERG Skills" кәсіби шеберлік байқауына қатысып, 1-орынды жеңіп алдым. Сөйтіп, Қытайда екі апталық халықаралық тағылымдамадан өттім. Сонда қазақстандық және қытайлық студенттер мен қызметкерлер арасындағы достық кәсіби шеберлік байқауында бақ сынадым. Әріптесім Дзюба Максиммен бірге топтық сайыста 1-орынға ие болып, жеңіспен оралдық", деді ол.
Келесі кейіпкер - Хромтау колледжінің түлегі, бүгінде компания қызметкері Райхан Наркенова. Ол дәнекерлеуші тек жігіттер ғана меңгеретін мамандық емес екенін дәлелдеді. Таяуда Қытайда өткен халықаралық кәсіби шеберлік байқауында "Дәнекерлеу технологиясы" қызметі бойынша ол да 1-орынды жеңіп алды. Сөйтіп, Қазақстан және Қытай мамандары арасында үздік болды.
"Қазір менде 4-разряд бар, 5-разрядты алуға дайындалып жүрмін және "ERG"-де дәнекерлеу технологиялары саласында мансабымды жалғастырамын. Бұйыртса, компания жолдамасымен Қарағанды университетіне оқуға барамын", деді жас маман.
"ERG" компаниясы колледждер альянсын құрған. Топ кәсіпорындар орналасқан қалалардағы 23 колледж бен 3 жоғары оқу орны альянс қатарында. Ондағы 10 колледжде "ERG" қызмет орталығын ашқан. Былтыр колледждерді жабдықтауға 600 млн теңгеден астам қаражат бағыттаған. Одан бөлек, студенттер Қытай мен Германияға тағылымдамаға жіберіледі. Өткен жылы колледждердің 737 түлегі компания ұжымның қатарына қосылып, балғын жастарды жұмысқа алу бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.