Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүр. Сапардың мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдаймен танысу, өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамытудың алдағы қадамдарын талқылау және кәсіпорындардың қарапайым қызметкерлерімен кездесу.
Сапар барысында Сатыбалды Дәулеталин Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-да болып, еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ) – Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің минералды шикізатты өндірумен және өңдеумен айналысатын темір кені алыбы. 1954 жылы құрылған компанияда қазіргі уақытта шамамен 12 мың адам жұмыс істейді. Кәсіподақ мүшелігімен қамту 100 пайызды құрайды.
Бас директордың міндетін атқарушы Павел Маевскийдің айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ССКӨБ өнімдерін импорттаушылар саны азайған. Әсіресе Ресей импорттаушылары саны айтарлықтай төмендеген. Осыған қарамастан, компания өнімдері темір рудасы концентраты мен түйіршіктер жеткізілетін Қазақстан мен Қытай нарығында сұранысқа ие. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация жыл сайын 3 миллион тонна темір кені өндірілетін Соколовский карьерінде болды. Сарбай тау-кен цехының басшысы Евгений Черновтың айтуынша, мұнда қазір 600 адам еңбек етуде. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның барлық қызметкерлері компанияның Корпоративтік университетінде білімдері мен біліктіліктерін арттыруға мүмкіндігіне ие. Сатыбалды Дәулеталиннің жұмыс сапары бағдарламасының келесі объектісі осы Корпоративтік университет болды.
Корпоративтік университет менеджері Мария Гирфанова оқыту үдерістері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, жылына 15 мыңға жуық адам – «ССКӨБ» АҚ, ERG Service, «Қашар кені», КБРУ қызметкерлері оқудан өтеді. Оқыту 2 тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Міндетті оқу бағдарламаларының ішінде: өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау; техникалық өрт сөндіру минимумы, биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі және т. б. Оқу процесінде инновациялық технологиялар қолданылады – ауыр жүкті карьерлік самосвалдар мен карьер экскаваторларының тренажерларынан виртуалды шындық көзілдіріктеріне дейін бар. Корпоративтік университеттің оқу кабинеттерінің бірінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «ССКӨБ» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Әлкенов өткен жылдың соңында қол қойылған ұжымдық шартта көрсетілген талап – жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау бойынша жұмыс берушімен өзара іс-қимыл туралы айтты.
«Ұжымдық шартқа енгізілген жаңалықтың бірі – енді барлық төлемдер ақшалай емес, айлық есептік көрсеткішпен көрсетіледі. Сондықтан төлемдер жыл сайын индекстелетін болады. Биыл жалақыны индекстеу 8,5 пайызды құрады», – деді Ерлан Әлкенов. Өз кезегінде компания қызметкерлері кәсіпорындағы кәсіподақ қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Жас экскаватор машинисі Жомарт Сұлтанбек ұжымдық шартты монетизациялау бойынша жеке есептерімен бөлісті. «Аға әріптестерімнің бірі «Біздің кәсіподақ жарналарымыз қайда кетеді?» деген сұрақ қойғанда, мен талдау жасап, өзімнің есептеулерімді жасауды жөн көрдім. Ай сайын жалақымыздың бір пайызын кәсіподаққа аударып, ұжымдық шарттың арқасында мүмкін болатын жеңілдіктер түрінде ондаған есеге артық аламыз. Бұған спорт залында мүлдем жаттығу мүмкіндігі, медициналық көмек, сапалы тамақ, адал еңбегі үшін көтермелеу кіреді. Егер біз осы мүмкіндіктердің барлығын есептесек, біздің жарналарымыздың еселі қайтарылатынына көз жеткіземіз. Сондықтан жұмыстың алғашқы күнінен бастап кәсіподақ ұйымына мүше болдым», – деді Жомарт Сұлтанбек.