ERG құрамындағы «Казхром» ТҰК» АҚ әлемдік рекорд орнатты: бір технологиялық циклда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бір электр доғалы пешінен 150 тоннадан астам феррохром өндірілді. Рекорд WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымында ресми түрде тіркелді және тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен бекітілді.
Рекордты тіркеу барысында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінде бір технологиялық циклда 177 тонна жоғары көміртекті феррохром өндірілді. №4 цехтың пештері – өз санатындағы әлемдегі ең қуатты пештердің бірі. Зауыт мамандарының жүзеге асырған бірегей техникалық шешімдерінің арқасында жабдық бүгінгі күні жобалық көрсеткіштерден жоғары күшпен жұмыс істейді. Егер орташа алғанда бір осындай пеш шығарылымда 50-60 тонна ферроқорытпа берсе, қазіргі жағдайда айтарлықтай үлкен көлем жинақталды. Бұл әлемдік рекорд ретінде бекітілген теңдессіз нәтижеге негіз болды.
Рекорд орнатуға арналған салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол зауыт ұжымын жетістікпен құттықтап, бұл рекорд қазақстандық мамандардың жоғары біліктілігінің және өңір мен еліміздің зор индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Алғаш рет № 43 пешінде бір технологиялық цикл барысында 150 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді.
Бұл тамаша жетістікпен зауыт ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Бұл – нағыз еңбек адамдарына тән кәсібиліктің, табандылықтың, бірліктің және рухтың жарқын үлгісі. Зауыт жұмысшылары ыстықта да, суықта да күні-түні аянбай еңбек етіп, өндіріс көлемін әлемдік деңгейге жеткізді. Кәсіпорын отандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай ғана емес, сонымен қатар сол стандарттарды қалыптастыра алатын қабілеті бар екенін дәлелдеді.
Бұл рекорд – тек зауыт пен Ақтөбе өңірінің жеңісі ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің әлеуетінің айқын дәлелі», – деді облыс әкімі зауыт ұжымын құттықтай отырып.
Оның айтуынша, бүгінгі оқиғаның маңыздылығын арттыра түсетін жайт – Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес, биылғы жылдың Жұмысшгы мамандықтар жылы деп жариялануы. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат – яғни, әділ, жауапты әрі еңбекқор азамат бейнесін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Асхат Шахаровтың айтуынша, осындай жетістіктер еңбек адамының – күн сайынғы еңбегімен ел экономикасының қуатын қалыптастырып отырған жанның – қоғамдағы құрметін арттыруға септігін тигізеді. Бұл – нақты сектор мен мамандардың жанкешті еңбегі Қазақстанның орнықты дамуының сенімді тірегіне айналғанының белгісі.
Рекордты тіркеу тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдерінің, метрологиялық қызметтің және техникалық комиссияның қатысуымен өтті. Металл шығарылымынан оның салқындауына, өлшеуіне және құжатталуына дейінгі әрбір кезең қатаң түрде бекітілді және сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды.
- Бұл рекорд – нағыз технологиялық жеңіс! Бұл – жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG өз көшбасшылығын, тұрақтылығын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі, - деді ERG S.a.r.l. Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов. - Бұл жетістіктің артында тек металл, сандар мен жабдық қана тұрған жоқ, ең алдымен, бұл – біздің адамдар! Қазхром металлургтерінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі мүмкін емес дүниені мүмкін етті. Еңбек адамдарының жылы аясында бұл рекорд – елдің экономикалық қуатын күн сайын қалыптастырып жүрген жандарға деген құрметтің символы.
- Біз ауыр өнеркәсіп саласында рекордтар жиі тіркемейміз - бүгінгі жетістік сонысымен ерекше. Бұл оқиға бір кәсіпорынның шеңберінен шығып, Қазақстанның технологиялық беделіне және түгел өнеркәсіп саласының әлеуетіне мойындау, - деді Азия мен Африка елдері бойынша WORLD BOOK OF RECORDS басшысы Қуандық Құдайбергенов.
Марапаттау рәсімі металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бірінде өтті. Рекордты тіркеуді растайтын құжатты қабылдай отырып, «Қазхром» ТҰК АҚ бас директоры Сергей Прокопьев зауыт командасының үлкен жұмысын атап өтті:
- Бұл – батыл инженерлік шешімдер мен шынайы командалық жұмыстың нәтижесі. Қазхромның 30 жылдығы мен Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылында осынау жаңалық ел өнеркәсібінің әлемдік деңгейде болуы мүмкін және міндетті екенін білдіреді. Ақтөбе зауытының командасымен мақтанамын - сіздер тек максималды көлемді өндіріп қана қойған жоқсыздар, сіздер тарихты жасадыңыздар, - деді Сергей Прокопьев.
- Әр шығарылымымыз - командалық жұмыс пен жоғары жауапкершілік. Бірақ осы күні шын мәнінде үлкен нәрсе істеп жатырғанымызды түсіндік. Бұл рекорд – барлық ауысым үшін, зауыт үшін, - деп атап өтті №43 рекордтық пештің бригадирі Геннадий Кухарь.
Рекорд орнату Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылы мен «Қазхром» ТҰК АҚ 30 жылдығына орайластырылған.
2024 жылы Қазхром 2023 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемін 14%-ке арттырып, 1,85 миллион тоннадан астам ферроқорытпа өндіріп, компания тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеткендігін еске салып өтейік.