21 Шілде 2025

ERG «ЕЭК» АҚ Электр станциясының №7-ші энергоблогын қайта жаңғыртуға 280 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды

ERG Подольск машина жасау зауытынан жаңа технологиялық жабдықтар – бу өндіру қуаты – сағатына 950 тонна қазандық сатып алады. Бүгін тиісті келісім шартқа Астанада қол қойылды. Құжатта ауқымды жабдықтардың бір бөлігін жергілікті жерде – «ERG Service» ЖШС алаңында өндіру қажет екендігі нақты жазылған. Бұл сатып алынатын қондырғылардың құнын төмендетіп, осындағы өндіріс қуатын жүктеуге, Топ кәсіпорындарының құзіреттерін кеңітіп, тәжірибесін толықтыруға сеп.

Компаниялар арасындағы келісім – ұзақмерзімді. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2 жарым жыл. Жабдықтар 20 айда жеткізілуі керек. Маңызды құжатқа «ERG Capital Projects» ЖШС Бас директорының орынбасары Абылай Сәденов пен «Подольский машиностроительный завод» АҚ Бас директоры Максим Сдобновтар қол қойды.

Сатып алынатын жабдық – қазандық қондырғысы – электр станцияларында электр қуатын өндіруге қажетті негізгі жабдық саналады. Ол энергоблоктың қызмет мерзімін 30 жылдан астам уақытқа ұзартуға септеседі. Бұл Топты электр қуатымен қамдаудың тұрақтылығы мен сенімділігін арттырмақ.

Ұзақ жылдар бойғы серіктестіктің арқасында тараптар алғаш рет қазандық жабдықтың бір бөлігін «ERG Service» ЖШС алаңында жасап шығуға уағдаласты. Бұл қадам ERG Service мамандарының тәжірибесін шыңдап, қазандыққа қажетті негізгі жабдықтардың өндірісін меңгеруіне септігін тигізеді.

– «ERG Service» ЖШС алаңында қазандық жабдықтарын қолға алу арқылы ERG елішіндегі құндылықты арттыру ісіне сүбелі үлес қосады. Осылайша, біз Қазақстан экономикасын нығайтып, отандық өндірісті қолдап, өз мамандарымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отармыз. Жоба Топтың стратегиялық мақсаттарына сай. Әрі жалпы еліміздің энергетика саласын нығайтып, қазіргі заманғы сын-қатерлерге уақытылы жауап қатып, энергетика саласының, жалпы еліміздің ұзақ уақыт бойғы орнықты дамуын қамтамасыз етеді,- деп атап айтты ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов.

– Подольск машина жасау зауыты мен ERG арасындағы ұзақ жылғы сенімді серіктестік нығайып, дамып келеді. Біз мұндай ауқымды бірлескен жобада бізге сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Қазақстан Республикасындағы ең ірі электр станциялардың біріндегі қазандық жабдықтарды жаңғырту – жауапты іс. Станцияны техникалық тұрғыдан жаңарту, замануи қондырғыларды орнату оның техникалық экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, өндірісті өрістетуге сеп болады. Бұл энергетика саласындағы маңызды қадам. Инновациялы технологиялар саласындағы бірлескен бастамаларымыздың потенциалы әлі жоғары екеніне сенімдімін,- деді Подольск машина жасау зауытының бас директоры Максим Сдобнов.

Жоба сәтті іске асырылғанда «ЕЭК» АҚ жылына – қосымша 1 634 млн.кВт/сағат электр қуатын өндіреді. Ол алдымен Топтың қажеттіліктерін қамдап, нарыққа қажет болған жағдайда маневрлер жасауға сеп.

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ЕЭК) – Қазақстандағы ірі электр энергиясы мен көмір өндірушілердің бірі. Елде өндірілетін электр қуатының 17% және көмірдің 20% кәсіпорын еншісінде.