31 Тамыз 2025

«Восточный» кеніші 40 жылдық меретойын атап өтті

Екібастұзда Қазақстанның ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындарының бірі – ERG құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Восточный» кенішінің 40 жылдық мерейтойы мен Шахтерлер аталып күні өтті. «Самғау» шығармашылық орталығындағы мерекелік іс-шара өзінің ерекше атмосферасымен есте қалды.

Кәсіби мереке құрметіне ERG тұрғын үй бағдарламасы аясында технологиялық кешен учаскесінің конвейер операторы Камал Алшимбаевқа екі бөлмелі пәтердің сертификат берілді.

 «Восточный» кенішінің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін автомобильдерді табыс ету – кештің көптен күткен ең жарқын сәттерінің бірі болды. Салтанатты жағдайда кәсіпорын директоры Юрий Личман Жылқыбек Ақтамбердинов, Рашид Таиров, Төлеген Нұғыманов пен Геннадий Феницкке жаңа автокөлік кілттерін табыстады.

Сондай-ақ, осы саладағы  еселі еңбегімен ерекше көзге түскен қызметкерлерге ведомстволық марапаттар мен ERG корпоративтік марапаттар тапсырылды.

«Восточный» кенішінің экскаватор машинисі Ерсайын Сейфуллин «Құрмет» орденімен марапатталды.

- Бүгін мен үшін маңызды және күтпеген сәт. Біздің жұмысымыз бен күш-жігеріміз осындай бағаға ие болғанына өте қуаныштымын. Өз отбасыма, әріптестеріме және «Восточный» кенішінің басшылығына алғыс айтамын. Барлық марапатқа ие болған әріптестерді құттықтаймын! «Шахтерлер күні» құтты болсын! Мерейтойларыңызбен! - деді Ерсайын Сейфуллин.

 «Восточный» кеніші тек өндірістік кәсіпорын ғана емес, бұл мыңдаған адамның еңбегі, энергиясы мен табандылығын біріктіретін орын. Бұл біздің мақтанышымыз, тарихымыз бен болашағымыз.

Көмірдің алғашқы тоннасынан бастап кәсіпорынның шежіресі жазыла бастады. 40 жыл ішінде кеніш озық технологиялармен жабдықталып, өндірістік қуатын бірнеше есе арттырды.

Бүгінгі таңда мұнда роботтандырылған ауыржүк көліктері жұмыс істейді. Қазақстанда алғаш рет аршылым тау-кен жыныстары адамның қатысуынсыз тасымалданады. Бұл ұжымның табысты жұмысының, инновациялық тәсілдің және өзара сенімділіктің нәтижесі.          

Сонымен қатар, биылғы жылы кешенге бірден бес жаңа Komatsu HD-1500 өзіаударғыштары келіп түсті. Бұл әдіс өндіріс қауіпсіздігін жақсартатыны және өнімділікті жаңа деңгейге көтеретіні анық.

Айналмалы-ағынды аршылым кешені тәулігіне 61 мың м3  астам аршылымды өңдейді, бұл рекордтық көрсеткіш. Сыртқы аршылым көлемі 115 мың м3 жақындады. Аршылымның жалпы көлемі 750 миллион м3 асты.

- Мерейтой қарсаңында осындай нәтижелерге қол жеткіздік. «Бұл жай ғана кездейсоқтық емес  -  бұл біздің мақсатқа деген адалдығымыздың көрінісі және командалық жұмыстың жемісі - деді «Восточный» кенішінің  директоры Юрий Личман құттықтау сөзінде. 

Шахтерлер күні – бұл жай ғана кәсіби мереке емес, бұл ел экономикасының негізін қалаған еңбек адамдарына құрмет көрсету күні.

«Восточный» кенішінің ұжымы бұдан былай жаңа шыңдарды бағындырып, Отан игілігі үшін еңбек етуге дайын.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда