17 Қараша 2025

Хромтауда ERG Корпоративтік университетінің жаңа кампусы ашылды

Енді «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері мен өңірдің жас мамандары заманауи технологияларды пайдалана отырып, ERG Корпоративтік университетінің жаңа кампусында білім алады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу сыныптары, жаттығу-симмуляторлары мен VR-технологиялар қызметкерлерге өз қабілетін арттырып, болашақтың мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік береді.

ERG Корпоративтік университетінің тағы бір кампусы күрделі жөндеуден өткен жаңартылған үш қабатты ғимаратқа орналастырылды. Жұмсалған инвестиция көлемі –  шамамен 180 млн теңге. Жөндеу жұмыстары Дөң тау-кен байыту комбинатының күшімен жүзеге асырылған. Жаңа кампуста 18 оқу және жұмыс кабинеттері, заманауи аудиториялар, қызметкерлерге арналған бөлмелер, кофе-пойнт бар. Сонымен қатар қазіргі заманғы техникаға арналған жаттығу-симуляторлары орнатылған жеке кабинет жасақталды. Бұл мамандарды нақты өндіріс жағдайына барынша жақын ортада оқытуға мүмкіндік береді.

– Кампустың ашылуы – ең алдымен адамдарға бағытталған инвестиция. Біз қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін дамыту, жаңа технологияларды меңгеруі және болашаққа сеніммен қадам басуы үшін барлық жағдай жасап жатырмыз. Өйткені бүгінде тек кәсіпорынның тиімділігі ғана емес, тұтас өңірдің дамуы да кадр даярлау деңгейіне байланысты, - деп атап өтті «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның бас директоры Сергей Прокопьев.  

Айта кетсек, ERG Корпоративтік университеті (ERG КУ) 2023 жылы ERG бірыңғай оқу орталығының базасында құрылған. Мақсат – қызметкерлерді оқыту жүйесін орталықтандыру және цифрландыру арқылы жоғары кәсіби біліктілікті қамтамасыз ету. Бүгінде университет 5 академияны, 120-дан астам ішкі тренерді біріктірген. Еліміздің негізгі өнеркәсіп қалаларында орналасқан 11 фронт-офисі жұмыс істеп тұр.

ERG КУ академиялары еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі, тау-кен ісі, геология, энергетика, экология, техникалық қызмет көрсету, өндірістік жүйелер, көшбасшылық, жоба басқару және цифрландыру бағыттарын қамтиды.

- ERG мамандарды даярлаудың толыққанды экожүйесін жүйелі дамытып келеді: мектептердегі кәсіби бағдар беруден бастап, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларға ұласып, корпоративтік университеттегі оқытумен аяқталады. Компания үшін қызметкерлердің кәсіби тұрғыда дамуына және өсуіне жағдай жасау аса маңызды. Себебі кадрлық әлеуетті дамытуға және кәсіби білім беруге салынған инвестициялар – саланың болашағы мен табысының негізі. Өйткені білікті әрі ынталы адамдар – кез келген өндірістің басты қозғаушы күші, - деді ERG-дің Қазақстандағы бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Анастасия Круч.

Ашылған сәттен бастап ERG Корпоративтік университеті жүздеген жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеп, VR және AR-симуляцияларды қоса алғанда, озық технологияларды енгізді. Жұмыс кеңістігін толық шынайы түрде бейнелейтін жаттығу-симуляторлар кран машинисі, автотүсіргіш жүргізушісі, бұрғылау қондырғысының машинисі және басқа да бірқатар мамандықтарды жылдам әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.

2025 жылы ERG Корпоративтік университеті Қазақстан мен ТМД аумағында алғашқы болып халықаралық деңгейдегі корпоративтік оқытудың сапасын бағалайтын жетекші стандарттардың бірі – LIFT Learning Impact – бойынша European Foundation for Management Development (EFMD) сертификатын алған оқу орталығы атанды.  

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда