Сүйек кемігін трансплантациялаудан соң арада 3 жыл өтіп, әбден оңалған қарағандылық 16 жастағы науқас алғаш рет өзін ажалдан арашалап қалған генетикалық егізі – ДНК донорымен жүздесті. Кездесу Астана қаласында сәуірдің 8-і күні ұйымдастырылды.
Өткір лимфобластық лейкоз диагнозы қойылған науқас Карим Гайсинге 2023 жылы бас қаладағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ота жасалып, сүйек кемігі трансплантацияланды. Оның ағзасына сәйкес келетін донор Ұлттық сүйек кемігі донорларының тізбегінен табылды. Дәрігерлер осы тізімдегі Алматының 25 жастағы тұрғыны – Юрий Алёшкиннің оған донор бола алатынын анықтаған. Осылайша, Юрийдің донор боламын деген шешімі Каримнің аурудан айығып, оңалуына сеп болды.
Кездесуді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Асель Байсейтова атындағы қормен бірлесіп, Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен ұйымдастырған. Шараның мақсаты – Қазақстанда сүйек кемігі донорлығы мәдениетін дамыту, Ұлттық донорлар тізбегіне тіркелудің маңызына көпшілік назарын аудару.
– Біз мұндай ауқымды қайырымдылық шарасына қатысып, донор мен реципиенттің жүздесуін ұйымдастыруға септесуді зор құрмет деп қабылдадық, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Абылай Сәденов. – Компанияда дәстүрлі донорлықты тұрақты қолдап келеміз. Қазір «Өмір сыйлаушы еуразиялық» атты ауқымды жобаны қолға алып, гемопоэтикалық дің жасушалары (ГДЖ) донорлығы мәдениетін қалыптастыра бастадық. Қызметкерлерімізге бұл қауіпсіз екенін әрі үміті үзілуге шақ қалған адамның өмірін сақтап қалуға септесе алатынын түсіндіріп жатырмыз. Өзім де қан тапсырып, ГДЖ донорлары тізіміне тіркелдім. Топ кәсіпорындарының 86 қызметкері осы регистрге тіркелді. Болашақта осы тізімге қосылатындар қатары артып, ажалдан арашаланған адамдар саны да көбейеріне кәміл сенімдімін.
Шараға гематология мен трансплантология салаларындағы жетекші мамандар да қатысты. Олардың қатарында «Астана медицина университеті» КАҚ №3 балалар аурулары кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Даир Жұбанышұлы Нұрғалиев бар. Ол – Қазақстандық балалар онколог-гематологтары қауымдастығының президенті әрі осы трансплантацияны жүзеге асырған дәрігер.
Сүйек кемігі доноры мен реципиентінің бұл кездесуі – Қазақстандағы донор мен реципиенттің тіркелген алғашқы жеке жүздесуі. Сондықтан, шараның тек осы азаматтар үшін ғана емес, қоғамдық маңызы да ерекше. Жүздесуде сүйек кемігі донорларының ұлттық тізбегін дамытудың маңызы, өтеусіз донорлықтың мәні және мұндай игілікті іске мемлекет, бизнес пен қоғамның бірлесе жұмылуы қажет екені айтылды. Мәселен, Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен металлургия компаниялары арасында алғашқылардың бірі болып «Өмір сыйлаушы еуразиялық» атты ауқымды науқан ұйымдастырды. Шараның мақсаты – донорлар тізбегін 1000 еріктімен толықтыру.
Ұйымдастырушылар мұндай оқиғалар үміті үзілуге шақ қалған мыңдаған науқастың өмірін ұзартып, елдегі донорлық қозғалыстың дамуына серпін береріне сенімді.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда