27 Сәуір 2026

тilshi.net 24.04.26 – «Қазхром» оқушыларға өндіріс пен қауіпсіздік негіздерін таныстырды

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қазхром» компаниясының Хромтау және Ақтөбе қалаларындағы кәсіпорындарында ауқымды іс-шаралар өтті.

Компания қауіпсіздік мәдениетін тек жұмыс орнында ғана емес, күнделікті өмірде де сақтауды насихаттау мақсатында қызметкерлердің балалары мен мектеп оқушыларына арналған танымдық экскурсиялар ұйымдастырды.

Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатына келген оқушылар ең алдымен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, өндіріс аумағында жүріп-тұру ережелерімен танысты.

Экскурсия бағдары «Мирный» карьеріндегі бақылау алаңынан басталды. Оқушылар алып өндіріс ауқымына көз жеткізіп, кейін теміржол цехына табан тіреді. Онда вагондардың ішкі құрылысын көріп, тау-кен көлік тасымалдау цехындағы алып техникалардың жұмысымен жақынырақ танысты.

Дәл осындай мазмұнды шаралар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да жоғары деңгейде жалғасты. Мұнда қала мектептерінің оқушылары өнеркәсіп негіздерімен, металлургия саласының мамандықтарымен танысты.

Ең қызықты сәттердің бірі – «биіктіктегі» полигон болды. Оқушылар нұсқаулықтан өткен соң, сақтандыру жүйесін киіп, өздерін нағыз өнеркәсіптік альпинистер ретінде сезініп көрді. Бұдан кейін олар №1, 2 және 4-ші балқыту цехтарында болып, феррохром алу процесін бақылады. Металлургтердің арнайы қорғаныш киімдері де балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.

«Қазхром» компаниясының бастамасымен өткен мұндай кездесулер жас ұрпаққа ата-аналарының еңбегін бағалауға, туған жердегі алып өндіріспен жақынырақ танысуға және ең бастысы – қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға жол ашады.

дереккөзі