Елімізде барлық сала жаңашылдыққа қарай бет бұрып, жұмысты тиімді ететін тың тәсілдерді қарқынды енгізіп жатыр. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің игілігін қазірден көріп отырғандар да бар. Соның бірі – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ұйымдастырған баспасөз турында заманауи құралдарды пайдаланудың тағы бір табысты мысалына куә болдық.
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы саналатын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – 1943 жылы негізі қаланған ірі металлургиялық кәсіпорынның бірі. Өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна ферроқорытпаны құрайды. Зауыт жоғары көміртекті, орта көміртекті, төмен көміртекті феррохром өндіреді. Тұтынушылар қатарында Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей, сонымен қатар ТМД елдері, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. мемлекеттер бар. Қазір кәсіпорында 4 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Зауыт жұмысымен танысуға барған БАҚ қызметкерлерін алдымен кәсіпорын директоры Ержан Абдулабеков қарсы алды. Ол кейінгі жылдары өндірісті оңтайландыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді. Кейінгі 5 жыл ішінде кәсіпорын цифрлық трансформацияға 5 млрд теңгеден астам қаржы салған. Нәтижесінде, «ERG» компаниясының Business & Technology Services (BTS, ERG-дің ІТ-бөлімшесі) командасы әзірлеген цифрлық шешімдердің ауқымды экожүйесі қалыптасты.
«Металлургия – күрделі әрі ауыр өндіріс. Сол себепті жұмысшылармен қатар инженерлердің де жұмысын жеңілдетуге күш салып келеміз. Осы мақсатта цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Біз үшін ең басты құндылық – адамдардың денсаулығы мен өмірі. Сондықтан цифрландыру еңбек қауіпсіздігі, өндіріс, жөндеу жұмысы және басқа да маңызды бағыттарды толық қамтиды. Мысалы, жөндеу жұмысы мен еңбек қауіпсіздігі саласында наряд-рұқсаттарды рәсімдеу мен ескертулер туралы жедел ақпарат алу толық цифрландырылды. Бұрын жұмысшы қандай да бір кемшілікті байқаса, оны жұмыс орнына барып, компьютер арқылы тіркейтін. Одан кейін ғана ақпарат жауапты қызметкерлерге жететін. Осы аралықта көп уақыт жоғалтатынбыз. Қазір бұл жұмыстың барлығы жедел орындалады», дейді кәсіпорын басшысы.
Ержан Абдулабеков кәсіпорын үшін цифрландыру – сәнді үрдіс емес, қатаң жаһандық бәсекелестік жағдайындағы маңызды өсім құралы екенін жеткізді.
Бүгінде кәсіпорын «Qollab» жүйесіне қосылған. Бұл туралы BTS әзірлеушілер командасының жетекшісі Айдар Сұлтанбек толыққанды түсіндіріп, жүйенің жұмысын таныстырды. Оның айтуынша, бәрі «мыңдаған қызметкері бар ірі корпорацияда әр адам өзіне қажетті ақпаратты қалай тез ала алады?» деген сұрақтан басталған. Мысалы, жұмыс орнынан анықтама алу, еңбек демалысының күндерін көру, өтініш беру немесе әріптесін табу сияқты қызметтердің барлығы бір жерде қолжетімді болуы керек еді. Сол себепті «Qollab» жүйесі әзірленді. Оның веб-нұсқасы да, мобильді қосымшасы да бар екен.
«Жүйенің жалпы құрылымы Facebook әлеуметтік желісіне ұқсайды. Жаңалықтар лентасы бар. Онда тек жаңалықтар емес, пайдалы хабарламалар, өндірістегі оқиғалар, түрлі сауалнамалар орналастырылады. Қызметкерлер пікір қалдырып, лайк баса алады. Яғни әлеуметтік желідегідей мүмкіндіктер қарастырылған. Сайттың сол жақ мәзірінде бөлімдер орналасқан. Қызметкердің лауазымына қарай қолжетімді сервистер саны өзгеріп отырады. Чат қызметі бар, мұнда хабар алмасып, қоңырау шалуға болады. ЖИ негізіндегі көмекші де бар. Ұйымдық құрылым бөлімінде кез келген қызметкердің қай бөлімде, қай бригадада жұмыс істейтінін көруге болады. Іс-шаралар бөліміне кіріп, түрлі корпоративтік шараларға қатысуға болады. Одан кейінгі сервистер бөлімі өндірістік, HR және IT сервистері болып бөлінеді. Әр қызметкер өзіне қажетті қызметті оңай таңдай алады», деп таныстырды маман.
Ең маңызды тұсының бірі – қызметкер «Менің міндеттерім» бөлімінде өзіне қандай тапсырмалар жүктелгенін көре алады. Сонымен қатар электрондық цифрлық қолтаңба немесе Face ID арқылы құжаттарға қол қоюға болады. Тағы бір танымал сервис – еңбек демалысы. Онда қызметкер қалған демалыс күндерін, жалақысы мен сыйақысын бірден көре алады.
«Ақылды» өндірістің ішкі тынысы
Осындай жаңашылдықтарға куә болған соң, арнайы қорғаныс киімдерін киіп, зауыттың ішкі тіршілігін көруге қадам бастық. Алдымен медициналық тексеру жүйесі жұмыс істейтін бекетке бардық. Бүгінде кәсіпорынның 4 медициналық пунктінде 30 ААМТЖ аппараты орнатылған. Соның арқасында металлургтер ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі тексеруден өтуге небәрі бірнеше минут жұмсайды. Аппарат адамның денсаулық жағдайы мен шығарылған ауа құрамындағы алкоголь буының бар-жоғын өлшейді. Нәтижелер бірден qollab корпоративтік қосымшасы мен «Еуразия» медициналық орталығына түседі. Егер көрсеткіштер белгіленген нормадан ауытқыса, қажетті шаралар дер кезінде қабылданады.
Негізінен зауытта 3 негізгі электрлік балқыту цехы, 8 көмекші цех бар. Бізді №4 балқыту цехына алып барды. Мұнда жоғары көміртекті феррохром балқытылады. Басқа балқыту цехтарынан айырмашылығы, мұнда тұрақты тоқпен жұмыс істейтін электр пеші қолданылады. Пештің қуаты – 72-75 МВт.
«Жоғары көміртекті феррохром белгілі бір фракцияларға дейін ұсақталып, дайын өнім ретінде тұтынушыларға жөнелтіледі. Ол негізінен болат өндірісінде қоспа ретінде пайдаланылады. Феррохром болатқа коррозияға төзімділік береді. Сондықтан өнімімізді Қытайға, АҚШ-қа, Еуропа елдеріне және Ресейге экспорттаймыз», деді №4 балқыту цехының бастығы Арбек Бекет.
Әрі қарай цехтың басқару пультіне бардық. Мұнда операторлар өндірістегі жабдықтардың жұмысын бақылайды. Мамандар қызметіне ЖИ, MES жүйесі, 3D жобалау шешімдері енгізілген. Соның бірі – Qollab порталына біріктірілген TORO жүйесі. Зауыттың бас механигі Әсет Толымбековтің сөзінше, жүйе көмегімен қызметкерлер жабдықтағы ақауды смартфон арқылы фото немесе бейне түрінде бірден тіркейді. Ақпарат сол сәтте жүйеге түсіп, жөндеу тапсырмасы автоматты түрде қалыптасады.
«TORO жүйесі жөндеу жұмысын жоспарлауды да жеңілдетті. Онда жылдық жоспардан бастап айлық, апталық және ауысымдық кестелер жасалады. Жүйе қажетті материал мен жұмыс күшінің жеткілікті екенін алдын ала көрсетеді. Соның арқасында шеберлер жұмысты тиімді ұйымдастырып, өндіріс жөндеу барысын үздіксіз бақылап отырады. Ал басшылық қажет болған жағдайда жоспарға жедел өзгеріс енгізе алады», деді бас механик.
Осы тұста кәсіпорын басшысы Ержан Абдулабеков те ой қосты. Жүйенің арқасында ол кабинетте де, іссапарда жүрсе де немесе үйден-ақ әр пештің жұмысын бақылай алатынын жеткізді.
Кәсіби жолға ұласқан хобби
Осы тұста «BTS» компа-ниясының қызметкері Ерұлан Мұрәділ туралы айтпаса болмас. Мамандығы металлург болса да қазір маман ІТ саласында жемісті еңбек етіп жүр. Бұрын осы біз тұрған цехта қарапайым балқытушы болып жұмыс істеген.
«Оның 3D модельдеуге қызығушылығы болды. Бір күні бізден сызбаларды сұрап, барлық 3D модельді өз қолымен жасап шықты. Ол ІТ маманы да, кәсіби жобалаушы да емес, бұл оның сүйікті ісі еді. Біз ынтасын қолдап, негізгі жұмысымен қатар зертханада осы ісімен айналысуына мүмкіндік бердік. Талантын жоғалтпай, кейін «BTS» компаниясының ІТ бағытына ауыстырдық. Қазір ол өзі еңбек еткен төртінші цехқа арналған цифрлық жүйені әзірлейтін мамандардың бірі», деді қызметкерді таныстырған кәсіпорын директоры.
Алғашында идея жүзеге аспай тұрып, ғылыми конференцияларда таныстырылған. Кейін «BTS» компаниясында цифрлық егіздерге арналған арнайы бөлім ашылып, жобаны әрі қарай дамытуға мүмкіндік туған.
«Қазір төртінші цехтың цифрлық егізі әзірленіп жатыр. Бұл – өндірістің виртуалды көшірмесі. Алдымен оның толық 3D моделін жасау қажет. Жұмыс бес кезеңнен тұрады. Ең әуелі арнайы кәсіби сканерлеу жабдығы қолданылады. Ол 40 метр радиуста миллиметрлік дәлдікпен барлық нысанды сканерлеп, виртуалды көшірмесін қалыптастырады. Одан кейін деректерге кейінгі өңдеу жүргізіледі. Арнайы 3D бағдарламаларында модель өңделіп, оңтайландырылады. Кейін веб-платформаға бейімделіп, веб-қосымшаға түрлендіріледі. Біз қолданатын платформа – өзіміздің әзірлемеміз. Ол цифрлық егіз сияқты жүйелерді іске қосуға арналған», деп жұмысын түсіндірді Ерұлан Мұрәділ.
Оның айтуынша, жүйе SCADA жүйесімен тікелей біріктірілген. Пештердің айналасындағы датчиктердің көрсеткіштері нақты уақытта синхрондалып отырады. Температура датчиктерінің мәліметтері көрнекі түрде көрсетіледі. Соның арқасында ауытқуларды жылдам анықтауға болады. Бұл тәсілдерді алдағы уақытта басқа да цехтарға және тұтастай кәсіпорынға қолдану жоспарланған.
Осылайша, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тәжірибесі цифрландырудың нақты нәтижесін көрсетті. Мұнда жаңа технологиялар қағазбастылықты азайтып, өндірісті басқаруды жеңілдетіп, еңбек қауіпсіздігін күшейткен. Жасанды интеллект тәуекелді алдын ала анықтап, жөндеу жұмысын жеделдетуге, өндірістің үзілісін азайтуға мүмкіндік беріп отыр.