16 Қыркүйек 2026

Рудный электр станциясы жылыту маусымына дайын

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті өкілдері Рудный электр станциясына баспасөз турын ұйымдастырды. Аталған нысан – ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ филиалы. Баспасөз туры барысында күрделі жөндеу жұмыстары көрсетіліп, станцияның алдағы жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындалып жатқанына көз жеткізді.

Баспасөз турына Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің табиғи монополиялар мен бағаларды реттеу бөлімінің бас маманы Алина Сулейменова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жалпы жөндеу науқаны туралы электр станциясының операциялық директоры Нұрлан Жағыпаров баяндады. 2025 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның сомасы – 799,3 млн теңге, ал өткен жылы жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметтер үшін жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалған нақты шығындар – 998 млн теңге. 2026 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламадағы инвестициялық салымдардың сомасы – 733 млн теңге.

– Бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысында 2026 жылы күрделі жөндеу қамында бірінші кезектегі іс-шараларды жүргізу қажеттілігі туындады. Бұл іс-шаралардан бас тарту реттеліп көрсетілетін қызметтердің сенімді, үздіксіз және сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауына әкелуі мүмкін. Кәсіпорын 2026 жылғы инвестициялық бағдарлама сомасын өзгертпей, жүргізілген басым іс-шараларды көрсете отырып, инвестициялық бағдарламаны түзетуге өтінім беруді жоспарлап отыр, – деді Нұрлан Жағыпаров.

Одан әрі электр станциясының операциялық директоры ССКӨБ өткен жылғы жаңғырту жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, қазандық және турбиналық цехтардағы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп, бірқатар ғимараттар мен құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізуге ерекше назар аударылды.

Биыл станцияның негізгі және қосалқы жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізудің маңызы зор. Оларды орындамау апаттылық деңгейінің артуына әкеліп, жылыту маусымында Рудный қаласы мен Горняцкий кентіндегі маңызды нысандарды жылу энергиясымен қамтамасыз ету сапасына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл нормативтік көрсеткіштердің, станцияның пайдалы әсер коэффициентінің төмендеуіне және қаныққан бу өндіруге жұмсалатын отын шығынының артуына алып келуі мүмкін, бұл өз кезегінде жылу энергиясын өндірудің экономикалық көрсеткіштеріне әсер етеді.

Баспасөз туры аясында инвестициялық бағдарлама шеңберінде маңызды жұмыстар жүргізілген төрт негізгі нысан көрсетілді.

Бірінші – ПТВМ-100 су жылыту қазандығы, №1 ст. Мұнда экрандарды, коллекторларды, конвективті бөлікті және тиек арматурасын ауыстыру, сондай-ақ қазандық қаңқасының металл конструкцияларын, қаптамасын, тарту-желдету жабдықтарын және су жылыту қазандығының түтін сорғыштары жөндеу жұмыстары орындалды. Бұл жұмыстар қазандық жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Екінші – ПТВМ-100 су жылыту қазандығы, №2 ст. Нысанда техникалық жай-күйді қалпына келтіруге және қазандық жабдығын сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кешені жоспарланды. Оның ішінде экрандарды, коллекторларды, конвективті бөлікті және тиек арматурасын ауыстыру, сондай-ақ қаңқа мен қазандықтың металл конструкцияларын, қаптамасын, тарту-желдету және түтін сорғыш жабдықтарын жөндеу жұмыстары бар.

Үшінші – Т-58/25-90 турбинасы, №1 ст. Роторды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 9-дан 15-ке дейінгі сатыларындағы жұмыс қалақтары ауыстырылды, сондай-ақ турбина цилиндрі, қосалқы жабдықтар және май салқындатқыштар жөнделді. Тиек арматурасы ауыстырылып, жөнделді, сонымен қатар турбинаның корпус бөлшектеріне, стопорлық және реттеуші клапандарына металды бақылау жүргізілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жабдықтың қызмет ету мерзімі ұзартылды.

Төртінші – №2 түтін мұржасы (су жылыту қазандығы). Түтін мұржасының 7-ші және 8-ші қатарларындағы шегендеу қалауын бөлшектеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Электр станциясын реконструкциялау жөніндегі ERG-тің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын іске асыру толық көлемде жалғасуда. Аталған іс-шараларды орындау қажеттілігі жабдықтардың техникалық жай-күйіне және оны 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінде сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты. Компания мен ССКӨБ үшін Рудный қаласы мен Горняцкий кентінің тұрғындарын қыс мезгілінде тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл негізгі басым міндеттердің бірі болып қала береді.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда