ERG құрамына кіретін Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі екінші жыл қатарынан Инженерлік-техникалық форум өткізіп келеді. Форум «Инженерлік шешімдер – жетілдірудің қозғаушы күші» ұранымен өтіп, 90-нан астам қатысушыны біріктірді. Тәжірибе алмасу және инженерлік бастамаларды ілгерілетуге арналған диалог алаңында ССКӨБ, Качары кені, ERG Service, КБКБ («Алюминий Казахстана» АҚ) кәсіпорындарының қызметкерлері, сондай-ақ Рудный индустриялық университетінің студенттері бас қосты. Сараптамалық комиссия назарына Темір дивизионын дамытуға бағытталған жаңа технологияларды жасау және қолданыстағы технологияларды жетілдіру жөніндегі 86 бастама ұсынылды.
Қала құраушы кәсіпорынның пилоттық жобасы өткен жылы басталып, бірден жас әрі бастамашыл мамандардың назарын аударды. Өндірістік инновациялар бойынша жобаларын 60 конкурсант ұсынған болатын. Биыл олардың саны 90 адамнан асты.
– Форумға екінші рет қатысып отырмын, бұл өте маңызды іс-шара, – деп бөлісті сенімділік жөніндегі менеджер Владислав Мазиёв. – Форум аудитория алдында сөз сөйлеу тәжірибесін жинақтауға, әріптестермен танысып, пікір алмасуға және, әрине, жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
Конкурсанттар өз идеяларын білікті қазылар алқасына зор ынтамен таныстырды. Оның құрамына ERG және компания кәсіпорындарының басшылары кірді. Сараптамалық комиссияға жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ. Кей жағдайларда жобаның тағдырын бір ғана ұпай шешті.
– Инженерлік-техникалық форумнан жылы әсер алдым. Маған жайлы, тіпті отбасылық атмосферасы өте ұнады: әр жобаны жақын ортада талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік болды. Барлық жобалар ерекше назар аударуға лайық, әрбір автор жеңімпаз болуға лайық, – деп атап өтті Еуразиялық топтың еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі директоры Алимхан Ерходжаев.
Қатысушылардың жобалары жеті тақырыптық секцияда ұсынылды. Жас мамандар жабдықтарды жаңғырту, өндірістік процестердің тиімділігін арттыру, еңбекті ұтымды ұйымдастыру, сондай-ақ еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту бойынша шешімдер ұсынады. Тәжірибелі мамандармен қатар, РИУ студенттері де өз әзірлемелерін ұсынып, өндірістік міндеттерге тың көзқарас пен инновациялық тәсілдер енгізуде.
– Инженерлік-техникалық форум өткізудің біз үшін маңызы зор, – деді ССКӨБ бас директоры Сергей Кузьменко. – Ең алдымен, қызметкерлерден кері байланыс алу біз үшін маңызды. Сонымен қатар, форум персоналдың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді. Әркім өз мүмкіндігін сынап көріп, әріптестерінің жұмысын бағалай алады. Бәлкім, презентацияларды тыңдағаннан кейін қатысушылардың жетілдіру бойынша жаңа идеялары пайда болар деп сенеміз. Жеңімпаздарды атап өту біз үшін өте қызықты әрі қуанышты сәт, дегенмен форумда нақты жеңілгендер жоқ. Қатысушылардың барлық идеялары назар аударуға тұрарлық және біз үшін маңызды. Олардың барлығын одан әрі дамытуға, пысықтауға және жетілдіру процесіне енгізуге болады.
Жобаларды қорғаудан бөлек, форум қатысушылары мен қонақтарының «Бір қателіктің құны» сахналық қойылымын тамашалау мүмкіндігі болды. Көрермендерді еңбекті қорғау ережелерін бұзуға сәл-ақ қалған жас маманның оқиғасы бей-жай қалдырмады. Бір қателіктің салдарынан ол өмірінен айырылып, сүйікті ұлы мен әйелін енді ешқашан көрмеуі мүмкін еді. Алайда жас жігіт өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін дер кезінде түсінді. Қауіпсіздік – ERG-нің басты құндылығы.
Ең толғандырған сәт марапаттау рәсімі болды. Форум қорытындысы бойынша әр секцияда үш үздік жоба анықталды. Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар мен форум дипломдары табысталды. Жеңімпаздар қатарында:
Экономикалық тиімділік беретін жобалар арасында ССКӨБ операциялық тиімділік және өндірістік жүйе жөніндегі талдаушысы Абай Умертаев үздік атанды.
Цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобалар авторлары арасында шекемтастар өндірісі цехының жылу техникасы жөніндегі инженері Максим Карев үздік деп танылды.
Жұмыс орындарын ұтымды ұйымдастыру және еңбекті механикаландыру бойынша үздік жобаны ССКӨБ ҚДБЦ байыту учаскесінің концентрат өндіру шебері Алексей Давыдов ұсынды.
Экономикалық тиімділігі жоқ жобалар авторлары арасында сенімділік жөніндегі менеджер Владислав Мазиёв көш бастады.
Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жобалар арасында өнеркәсіптік қауіпсіздік және жүк көтергіш механизмдер сараптамасы жөніндегі менеджер Николай Селезнев жеңімпаз атанды.
Өндірісті автоматтандыру және инновациялар бойынша үздік жобаны ТЖЦ жөндеу жұмыстарын жоспарлау жөніндегі инженері Талгат Баймухамбетов ұсынды.
Студенттік әзірлемелер арасында Данил Межделов жасаған жоба үздік деп танылды.
Алайда форумның марапаттары мұнымен шектелмейді. Ең белсенді басшылар арнайы жүлделермен марапатталды:
ИТФ-2026-ның ең белсенді қатысушы басшысы ретінде ССКӨБ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі директоры Александр Бондаренко танылды.
Білім беру мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан ерекше үлесі және студенттерді инженерлік қызметке белсенді тартқаны үшін РИУ тау-кен металлургия факультетінің деканы Сергей Кузьмин атап өтілді.
Темір дивизионының Инженерлік-техникалық форумы келесі жылы да өз жалғасын табады. Жаңа қатысушылар мен өндіріс үшін пайдалы жаңа жобалар міндетті түрде болады деп сенеміз.
ERG өмірі туралы көптеген жаңалықтар ресми телеграм-арнасында