27 Қараша 2026

Ақсуда болашақ энергетиктерді даярлайтын жаңа оқу кабинеттері ашылды

Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде қауіпсіздік және релелік қорғаныс пен автоматика бойынша екі жаңа оқу кабинеті ашылды. Бұл – ERG-дің Энергетика дивизионы мен колледж арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кезекті қадамы. Жаңа кабинеттер болашақ энергетиктерді сапалы даярлауға мүмкіндік береді. Салтанатты ашылу рәсіміне Энергетика дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев қатысты.

Жаңа кабинеттер Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жабдықталды. Мұнда тәжірибелік сабақтарға қажетті құралдардың барлығы қарастырылған. Енді студенттер теориялық біліммен қатар, өндірісте қолданылатын жабдықтармен танысып, кәсіби дағдыларын жетілдіре алады. Сондай-ақ өндірістік процестердің қалай жүретінін тәжірибе жүзінде үйренеді.

Релелік қорғаныс және автоматика кабинетінде төрт оқу стенді орнатылған. Олар әртүрлі релелермен, өлшеу құралдарымен, күштік трансформаторлар мен электр беру желілерінің үлгілерімен жабдықталған. Бұл құрылғылар арқылы студенттер электр желілерінің жұмыс істеу тәртібін үйреніп, зертханалық жұмыстар жүргізе алады. Сонымен қатар қорғаныс құрылғыларын баптау мен тексеруді тәжірибе жүзінде меңгеріп, қалыпты және апаттық жағдайларды модельдейді. Интерактивті жабдықтар мен арнайы бағдарламалар оқу процесін жеңілдетіп, тақырыптарды жақсы түсінуге көмектеседі.

Қауіпсіздік кабинетінде алғашқы көмек көрсету және өрт қауіпсіздігі құралдарын қолдану дағдыларын үйренуге жағдай жасалған. Мұнда жүрек пен өкпеге жанама массаж жасауға арналған тренажер, манекен, зембіл, жарақат түрлерін көрсететін оқу құралдары бар. Сондай-ақ өрт дабылының автоматты жүйесіне арналған стенд пен көлемді макет орнатылған. Тәжірибелік сабақтарға алғашқы көмек қобдишалары, жгуттар, қан тоқтататын турникеттер, таңу материалдары, шиналар және басқа да қажетті құралдар сатып алынған.

Оқу орындарын қолдау – Энергетика дивизионының білікті мамандар даярлауға бағытталған жұмысының маңызды бөлігі. Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжімен серіктестік көп жылдан бері жалғасып келеді. Дивизион колледжге материалдық және қаржылай қолдау көрсетіп, оқу базасын жаңартуға және студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасап келеді.

– Біз үшін студенттердің сапалы білім алып, оны тәжірибеде қолдана білуі маңызды. Заманауи жабдықтар болашақ мамандарға өз кәсібінің ерекшеліктерін түсінуге, өндірістік міндеттермен және қауіпсіздік талаптарымен танысуға көмектеседі. Жастардың жұмысқа жақсы дайындықпен келіп, еңбек жолын сенімді бастағанын қалаймыз, – деді Энергетика дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев.

Жаңа оқу кабинеттерін жабдықтау кезінде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қауіпсіздік ережелерін білу және өндірістегі қауіп-қатерді түсіну – әрбір энергетик үшін маңызды талап. Сондықтан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру студент кезінен басталуы керек.

Колледжде ERG туралы ақпараттық стенд те жасалды. Онда студенттер дивизион құрамындағы кәсіпорындар, сұранысқа ие мамандықтар және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады. Бұл болашақ түлектерге еңбек жолын жоспарлап, өздері жұмыс істей алатын кәсіпорындармен алдын ала танысуға мүмкіндік береді.

Энергетика дивизионы Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжімен көп жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Дивизион колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға көмектеседі, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастырады және өңірдің энергетика саласына қажетті мамандарды даярлауға қолдау көрсетеді.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайында толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда.