aqtobegazeti.kz 01.12.2023 – Өндiрiс ардагерiнің әңгiмесi

Қарты бар елдің қазынасы бар. Ал өндірістің өткені мен бүгінін бағамдап, ақыл-кеңестерін айтар Ардагерлер кеңесінің болуы — алдыңғы қатарлы кәсіпорын үшін зор бақыт. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты «Дөң» кенішінің механигі болған Қуаныш Шариповтің әңгімесі бүгінгі буынға үлгі болары хақ.

Қарты бар елдің қазынасы бар. Ал өндірістің өткені мен бүгінін бағамдап, ақыл-кеңестерін айтар Ардагерлер кеңесінің болуы — алдыңғы қатарлы кәсіпорын үшін зор бақыт. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты «Дөң» кенішінің механигі болған Қуаныш Шариповтің әңгімесі бүгінгі буынға үлгі болары хақ.

«Кәсіпорындағы еңбек жылдарымды сағынамын. Аялдамадан автобусқа отырып, кенішке баратын жолда әріптестеріммен әңгімелесіп бара жатқан сәттерді қайталағым келеді», — деп бастады сөзін қария.

Қуаныш ақсақал бүгінде 73 жаста. Жақында зайыбы Биядамен алтын тойларын атап өтіп, бала-келін, немерелерінің ортасында шаттанып жүр. Елу жыл отасқан жұп өткен аптада ғана Ташкенттен келген. Комбинатта еңбек еткен барлық жылында Меркі, Сарыағаш, Алматы шипажайларына демалысқа барып үйренген қарияға жолдама бұл жолы балаларының атынан келіпті.

Өндіріс ардагері еңбек жолын 1996 жылы «Молодежная» шахтасының электр слесарі болып бастаған. Екі жылдан соң «Дөң» кенішіне механик болып ауысып, ашық әдіспен кен өндіру жолдарына шығатын бульдозер көліктеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеумен айналысады. 7-9 текше шөміші бар бульдозерлер мен жүк тиегіш көліктерінің істен шыққаны болса жөндеп, тексерістен өткізу Қуаныш Шариповтың негізгі міндеті болатын.

— Біздің уақытта карьерлердің гүрілдеп тұрған кезі. Мен жол-үйінді техникаларының тау-кен учаскесінде қызметте болдым. Біздің ұжымда 100 шақты адам еңбек етті. Сол жүз адамның барлығы бір үйдің баласындай едік. Ауысымға асығып келіп, бір-бірімізді қолдай жүріп жұмысты шетінен бітіріп отырамыз. Сыйластық пен ауызбіршіліктің барында қызмет оңынан жүреді дейтінім сол, — дейді Қуаныш Муфтуллаұлы.

Ардагер көптің қарапайым деп санайтын механик, слесарь, дәнекерлеуші сынды кәсіптер талай жыл өтсе де, маңызын жоғалтпайтын мамандық екенін айтады.

Қариямен әңгімелесе келе, оның бала күнгі арманы дәрігер болу екендігін білдік. Алайда адам өміріне жауапты болмағанымен, ауыр техникалардың сақадай-сай болуын қамтамасыз етіп келген Қуаныш Муфтуллаұлы бұл таңдауына еш өкінген емес.

– Мен кәсіпорында небәрі 17 жылдай еңбек еттім. Оған дейін ауылшаруашылық саласында қызметте болдым. Ауыз толтырып айтар 40 жылымды арнамасам да, осы өндірістегі өткен әр жылымды өмірімнің ең қызықты шақтары деп білемін. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран, ақшаның жоқ кезі, дағдарыс  бізді шыңдады. Бұл сынақтардан сүрінбей өттік. Ол кезде жалақымызды кассадан алатын едік. Біздің дәуреніміз солай өтті. Ал қазір ше?! Қазір бәрі басқаша. Елдің болашағы, жастардың келешегі зор. Тек ерінбей еңбек ете білу керек. Бұрын маман да, мамандық та санаулы еді. Қазір комбинатта түрлі қызмет бар. Тек ынта-жігер болса жеткілікті, — дейді ол.

Қария бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатына келіп жатқан техникалардан да хабардар екен. Көлік жүргізушілеріне барлық жағдай жасалған, заманға сай технологиялармен жабдықталған көліктердің қатарға қосылып жатқанына мән беріп, салыстыратынын да айтты.

Қуаныш Шарипов комбинатты әлі күнге дейін мақтан тұтады. Өндіріс процестерінен бөлек, әлеуметтік пакеттері мен зейнет адамдарын назардан тыс қалдырмайтын ұжымның барына алғыстан басқа айтары жоқ.

— Ақтөбе облысында 12 аудан болса, соның ішінде өзіміздің Хромтау өндіріспен ерекшеленіп тұр. Аудан халқы жұмыспен қамтылып, жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Сырттан қарап отырып, қуанамын. Ардагерлер кеңесіне жиі барып тұрамын. Ол жақта компанияның газетін үзбей оқимын. Жақсылық, өсу, даму көріп келемін. Сондықтан жастарымыз осы бақты қадірлей білсе екен деймін, — деп қуанады кейіпкеріміз.

Ардагердің өзі зейнетте болса да, зейіні — Дөң тау-кен байыту комбинатында. Зайыбы Биядамен бес баланың қызығын көріп, немерелеріне қарайласып, арасында Ардагерлер кеңесіне барып бильярд ойнауға да уақыт тауып жүр.

дереккөзі