31 Мамыр 2024

Eurasian Resources Group отандық өндірушілермен 2 млрд теңгенің жаңа offtake-келісім шарттарын жасасты

Eurasian Resources Group (ERG) отандық тауарөндірушілермен ұзақмерзімді серіктестікті нығайта түсті. 12-ші Халықаралық KIOSH еңбекті қорғау мен өнеркәсіп қауіпсіздігі көрмесінде төмендегі компаниялармен offtake-келісім шарттарға қол қойылды:

  • металлургтерге, дәнекерлеушілерге, өзге де мамандарды электрдоғасынан қорғайтын арнайы киімдерді жеткізуге қатысты «ГлобалСпецодежда» ЖШС;
  • қолғаптар, көзілдірік, құлаққаптар жеткізуге қатысты «Global-Safety» ЖШС;
  • дәнекерлеушілер, металлургтер мен шахтерлерге арнайы аяқ киімдер жеткізуге қатысты «Спецобувьторг» ЖШС.

Бұл келісімдер – Мемлекет басшысының елішілік құндылықты арттыру  тапсырмасын іске асыру бағытындағы тағы бір нақты қадам. ERG Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдап, дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

- Біздің міндет – әрбір еуразиялықты түгел отандық киіммен қамдау! – деп атап айтты «ERG Коммерция орталығы» ЖШС Бас директорының стратегиялық сатып алулар жөніндегі орынбасары Динара Ахметова. – Бұл міндетті орындау үшін елдегі барлық етік өндірісі мен тігін кәсіпорындарына аудит жүргізіп, ауқымды жұмыс атқаруға тура келді. Шығарып келген өнім түрін ұлғайтуға – Қазақстанда әзірге шығарылмайтын арнайы киім түрлері мен металлургтер және дәнекерлеушілерге арнап етік тігуді қолға алған жеткізушілермен жаңа келісім жасастық. Осы орайда, бұл киімдер барлық қауіпсіздік талаптарына сай екенін баса айтқым келеді. Өйткені, қауіпсіздік – біздің компанияның негізгі құндылығы. 

Жалпы сомасы 2 млрд теңгелік offtake-келісім шарттарын жасасу – отандық арнайы киім тігушілерге септесіп, өндірісті дамытуға септесудің алғашқы кезеңі. Келісім шарт бірден 5 жылға жасалған. Оны 10 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Жоғарыда аталған компаниялар тігін өнімдерін ERG құрамындағы барлық кәсіпорындарға жеткізетін болады.

Одан бөлек, ERG «ТаразКожОбувь» ЖШС-мен де ұзақмерзімді келісім шарт жасасты. Бұл арнайы аяқкиімнің жаңа түрлерінің өндірісін меңгеріп, дамытуға сеп болады.

Қол қойылған келісім – ҚР Үкіметі іске асырып жатқан импортты алмастыру бағдарламасын нақты іспен қолдау.

Offtake-келісімшарттар – елімізде жаңа өндірістің ашылып, дамуына септесудің ең тиімді тәсілі. Бірінішіден, құжат алдын ала мақұлданған көлемді тапсырыс берушінің жеткізушіден белгілі бір бағамен сатып аларына кепілдік береді. Яғни, бағаға келгенде шетелдік өндірушілермен бәсекелі болуына сеп. Екіншіден, жеткізуші міндеттемелерді тек келесі жылға бекітілген кесте мен талаптар айқындалған соң барып өз мойнына алады. Үшіншіден, offtake-келісім шарт екінші деңгейлі банктерден өндірісті дамытуға қаражат алуға сеп болады. Келісім қосымша қамсындандыру есебінде жүре алады.

Қазір ERG өзге де отандық тауарөндірушілермен осыған ұқсас келісім шарттар жасасу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Offtake-келісім шарттар жасасуға мүдделі компанияларға қойылатын талаптар бағаланып, қалыпты келісім жасасуға ниетті жеткізушілердің әлеуеті сараланып жатыр. 

Осы орайда, ERG-дің жыл сайынғы сатып алуларының жалпы көлемі – 1,7 трлн теңгеге жуықтайды. Өткен жылдың қорытындысында ондағы отандық тауарөндірушілер мен қызмет ұсынушылардың үлесі – 68%.  

ERG 2020 жылы импортты алмастыру бағдарламасын қолға алған. Оның аясында кез келген қазақстандық өндіруші біздің елде өндірісін ашып, жолға қойғысы келетін тауар немесе тауарлар түрін атап көрсетіп өтінім бере алады. Өтінім қолдау тапса, ERG бұл компаниямен ұзақмерзімді шарт немесе оффтейк-келісімін жасаса алады. ERG-дің Коммерция орталығы 2020-2023 жылдар аралығында бұрын шеттен алынып келген 2 млрд теңгелік 174 тауар түрін отандық тауарөндірушілерден сатып алып, импортты алмастырған. Қазір бағдарламаға енген тауарлар тізімінде 19 мың өнім түрі бар. Олар түгелдей дерлік – импортталатын өнім. Яғни, Қазақстанда осы түрлерінің өндірісін жолға қою мүмкіндігі бар.