Кәсіпорынның 70 жылдық мерейтойына орай ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Рудный тұрғындары мен қонақтарына үлкен мереке сыйлады.
Таңертеңнен бастап «Достық» саябағында балалар мерекесі өтсе, ал кешке орталық алаңда танымал қазақстандық әншілердің қатысуымен концерт өтті.
Биыл ССКӨБ қызметкерлері бірден қос мереке – Металлургтер күні және туған кәсіпорнының 70 жылдығын атап өтеді. Бұл өте ұзақ әрі әсерлі кезең! Өз мерейтойында ССКӨБ қаланың барлық тұрғындарына үлкен мереке сыйлады. ССКӨБ және Қашар кенінің 300-ден астам қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды. Мерекенің ресми бөлігіне ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, Қазақстандағы ERG бас директоры Серік Шахажанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, қала әкімі Виктор Ионенко қатысты. Қонақтарды ERG Темір дивизионының басшысы Сергей Напольских қарсы алды.
– Бүгін біз ССКӨБ ұжымын 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз, - деп атап өтті Шухрат Ибрагимов. – Кен - еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін металдардың бірі. ССКӨБ - бұл жай ғана аббревиатура емес, бұл еңбекқорлықтың, табандылықтың және жаңа биік белестің нышаны. Жетпіс жыл бойы кәсіпорын барлық кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып дамыды. Бүгінде ССКӨБ – Қазақстан өнеркәсібінің маңызды тармағы деп мақтанышпен айтуға болады.
– Бәріміз бірге 70 жылды еңсердік, бірақ бұл дамудың даңғыл жолы өз мәресіне жетті дегенді білдірмейді, - деп атап өтті Сергей Напольских. - ССКӨБ еліміздің тау-кен саласының көшбасшысы болып саналады. Біз өзіміздің жетілдіру стратегиямызды әзірлеп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – жаңару, заманауи технологияларға көшу, тиімділікті арттыру. Жаңа онжылдыққа біз жаңа өнімдермен және жаңа кәсіпорын салу жоспарымен қадам басамыз.
Салтанатты іс-шара барысында ССКӨБ үздік он қызметкері ERG акционері Шухрат Ибрагимовтың қолынан Қазақстанда құрастырылған JAC JS6 автокөліктерінің кілттерін алды.
– Мен мұндай сыйлық аларымды білген кезде, кеудемді мақтаныш пен сенімділік кернеді: демек, мен бәрін дұрыс жасап жатырмын деген сөз, – деп роторлы экскаватор машинисі Александр Помелов өз сезімдерімен бөлісті. - ССКӨБ-де жұмыс істегеніме 44 жыл болды. Кәсіпорынмен бірге көп нәрсені бастан өткердім. Менің тұрақтылығым мен туған кәсіпорныма деген адалдығым үшін мені ерекше атап өтіп, марапаттағаны көңіл толқытады.
Барлық құттықтаулардан, марапаттаулардан кейін мереке «Жұлдызды эстрада» концертімен жалғасты. Қазыбек Құрайыш, Мирас Жүгінісов, Назима, Асха Принц және басқа да жұлдыздар өнерлерін көрсетті. Іс-шара мерекелік әдемі отшашумен аяқталды.
ССКӨБ үшін 70 жыл – бұл біртұтас ғұмыр. Осы уақыт ішінде 745 млн тоннаға жуық концентрат және 395 млн тоннаға жуық шекемтас өндірілді. Кәсіпорын бір орында тұрған жоқ, өндіріс процесіне озық технологияларды енгізе отырып, өнімнің жаңа түрі – құрамындағы темір мөлшері жоғары BF–шекемтастар әзірленді. Олар темір кені концентратынан алынады, оның құрамында 65,5 - 66% темір бар. Шамамен 150 мың тонна көлемінде екі партия өндірілді. Алынған өнім Қазақстанда сатылды.
Бұл тәжірибе – болашақта ашылатын ыстықтай брикеттелген темір зауытының болашақ өндірісі үшін жоғары сапалы шекемтастар мен концентрат алудың алғашқы қадамы. Бұл ССКӨБ-тің тағы бір үлкен жобасы. Бүгінде ол жобалық құжаттаманы әзірлеу сатысында тұр.
Темір кені дивизионы ұзақ мерзімді даму стратегиясын белсенді түрде енгізуде. Қашар кені алаңында өнеркәсіптік автопарк толық жаңартылып болды. 220 тонналық 42 HITACHI самосвалы және шөміш сыйымдылығы 30 текше метрге дейін жететін алты экскаватор сатып алынды. Жақсы жабдықтау оң нәтиже береді. Биыл кен өндірудің жоспарлы көлемі 15,5 миллион тоннаны құрайды, келесі жылы – бұдан бір миллионға артық өнім алу жоспарлануда.
ССКӨБ қала мен өңірдің әлеуметтік өміріне белсене араласады. Мерейтой иесінен Рудный қаласына сыйлық ретінде екі көпқабатты үйдің қабырғаларында комбинаттың бірінші директоры Николай Сандригайло мен экскаватор машинистерінің бригадирі Көпжасар Алдабергенов бейнеленген муралдар пайда болды. Әлеуметтік жобалар аясында биыл балалар үшін робототехника кабинеті жасақталды, өткен жылы әр мектепке сабақ өткізуге арналған интерактивті панельдер сыйға тартылды. 1200 орындық мектеп құрылысы қызу жүргізілуде.
Қала тұрғындарымен бірлесіп жұмыс істеу үшін «Tugan qala» жобасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Төрт жыл ішінде Рудный, Қашар және Октябрь кенттерінде тұрғындардың өздері ұсынған 39 нысан салынды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 14 жоба іске асырылатын болады.
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум шеңберіндегі бірлескен жобалардан басқа, Қостанай облысының әкімдігі, ERG және Отбасы банкі арасында қызметкерлер үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөнінде келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, қалалық ауруханаға медициналық аппараттарды сатып алу үшін көмек көрсетілді.
Бұдан басқа, білім беру мекемелеріне де көп көңіл бөлінеді. ERG корпоративтік университетінде оқыту кезінде заманауи технологиялар: VR-көзілдірік, жоғары технологиялық жаттықтырғыш - карьерлік самосвал симуляторы қолданылады.
Рудный индустриалды университетінде оқытудың жаңа озық тәсілдерін қолдану үшін оқушы жабдықтары мен бағдарламалық жасақтама сатып алынды.