Замануи кеңістіктен зауыттың тарихын да, соңғы үлгідегі шешімдерді де көруге болады.
Мұражайдың ашылуы кәсіби мереке – Металлургтер күнімен тұспа-тұс келді.
ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мұражайының ауданы — 80 шаршы метр. Сондықтан мұнда зауыттың түгел тарихын сыйғызып, орналасқан жерін дұрыс жоспарлау қажет болды. Кәсіпорынның әртүрлі кезеңдерін қамтыған стенд зауыт тарихының қалай басталғандығынан сыр шертеді.
Зауыттың жаңа мұражайы стандартты мұражайлардан айтарлықтай ерекше. Яғни кезіндегі барлық сұраныстар мен қиындықтар ескерілді. Алдымен қонақтарды түрлі интерактивті панельдер арқылы тамашалауға болатын көрме күтіп тұр. Бұл қазіргі замануи келушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие. Мұнда мультимедиялық жабдықтар, экспозициялық сөрелер, желілік жарықтандыру, еңбек адамдары мен зауыт өмірін, оқиғаларды аудио және бейне-контент түрінде баяндайтын мазмұнды интерактивті мөлдір панель түріндегі ақпараттық дүңгіршектер де табылады.
– Бұрын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының мұражайы Металлургтер мәдениет үйінде болатын. Уақыт өте ғимарат қалаға берілгеннен кейін металлургтер мұражайсыз қалды. Кәсіпорында алғашқы туристік өнеркәсіптік маршруттың ашылуына байланысты мұражай ашу қажеттілігі туындады. Алдағы уақытта экспозицияны жаңартылған ақпарат-экспонаттармен толықтыру жоспарлануда. Мұражайдың ашылуы зауыт үшін айтулы оқиға десек болады. Өйткені бүгінде тарихсыз болашақты құру мүмкін емес, - деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Бір қызығы, кейбір экспонаттар, мысалы «Комсомолка» зауытына қарасты бірінші пештің макеті сервистік қызмет көрсету цехының электрмонтері Дияр Нұрановтың шеберлігімен жасалған. Дияр зауыттың бірінші пешін жаңғыртуға қатысқан жігіт және ол жабдықты бүге-шүгесіне дейін біледі. «Комсомолка» үлгісінен бөлек, төртінші цехтың, «Қазхром» кеңсесінің және жаңа инновациялық жоба – ферроқорытпа газын пайдалана отырып, қайта кәдеге жарататын электр станциясы құрылысының макеттері де бар.
№4 балқыту цехы туралы ақпарат орналасқан мультимедиялық стендтегі цифрлық бағдарламаны осы цехтың балқытушысы Ерұлан Мұрадили жасап шығарған. Соның арқасында ыстық металды көрсететін VR-көзілдірігімен цехтың технологиялық процесіне назар аударуға болады.
Мұражай орталық кіреберістің алдында орналасқан. Келем деушілерге есігі қашан да ашық әрі тегін. Сондай-ақ мұражайға бару экскурсиялық бағдарламаға кіреді. Ол үшін сілтемесіне өтіп, алдын-ала жазылу қажет.