Eurasian Resources Group (ERG) «Орта Азия елдері + Жапония» бизнес-форумы аясында құрылыс және тау-кен техникасын өндіретін әлемдік алпауыт HITACHI Construction Machinery, оның Орта Азиядағы ресми дилері «Eurasian Machinery» (Евразиан Машинери) ЖШС және Mitsui & Co компанияларымен Меморандумдар жасасты.
Алғашқы құжат Қашар карьері қызметінде ESG мақсаттарына қол жеткізуге қажетті шешімдерді әзірлеуге бағытталған. Меморандумға ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, Eurasian Machinery бас атқарушы директоры Мехмет Кемаль Четинелли мен Hitachi Construction Machinery Co президент Масафуми Сензакилер қол қойды.
Осылайша, Еуразиялық Топ Қашар карьерінде экологиялық менеджмент саласын дамытуға әлемдік деңгейдегі көшбасшыларды жұмылдырып, күш біріктіріп отыр. Естеріңізде болса, бұған дейін ERG Eurasian Machinery компаниясымен Қашар карьеріне Hitachi жабдықтарын жеткізуге қатысты ірі келісім шарт жасасқан болатын.
Құжатта карьерде жүк тасымалдайтын Hitachi EH4000 көліктерінің тораптарын жетілдіріп, оны дизель отымен қоса, электр қуатына көшіру көзделген. Бұл атмосфераға шығарындылар көлемін азайтуға сеп. Оған қоса, қызмет көрсету инфрақұрылымын қалыптастырудан бастап, қажетті қосалқы бөлшектер мен ірі тораптарды жеткізуді түгел қамтитын сервистік жұмыстарға ауқымды әрі ұзақмерзімді келісім шарттар түзіледі.
Қоршаған ортаны қорғап, жұмыстың экономикалық тиімділігін арттыру үшін тараптар келешекте кәсіпорынның тау-кен өндіру техникаларын толық электр қуатына көшіру қамында бірлескен зерттеу жұмыстарын қолға алмақ.
Қол қойылған келесі маңызды құжат – ERG мен Mitsui & Co арасындағы өзара түсініктік туралы меморандум. ERG алдағы уақытта «КОМЕК МАШИНЕРИ Казахстан» ЖШС арқылы Komatsu техникаларын сатып алып, техникалық паркін 30% жаңартуды көздеп отыр. Меморандум аясында «жасыл феррохром» өндіру қамында бірлескен жұмысты ұйымдастыру жоспарланған. Mitsui тарапы ERG-дің қажеттіліктері үшін жел энергетикасы жобасын дамыту мүмкіндіктерін зерттейді.
– Халықаралық серіктестік коммпаниямыздың күн тәрібіндегі EGS мақсаттарына ұмтылысымызды дамытуға тың серпін береді. Біз тек бизнес-процестерді жақсартумен шектелмей, оны әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізуге талпынамыз. Мұнда ең маңыздысы – жұмыстың үздіксіздігі мен қауіпсіздіктік ережелерін сақтай отырып, өндіріс жоспараларын тиянақты орындау екенін естен шығармаған жөн. Сонда, ол біздің өнімнің сапасына сеп болып, еліміздің экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосарымызға сенімдіміз,- деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.