Ақтөбе облысында көктемгі тасқында үйсіз қалған тұрғындарға баспана кілттерін тапсыру жалғасып жатыр. Аймақтағы тағы 17 отбасы бүгін үйлі болды. Бұл баспаналар Eurasian Resources Group-тің (ERG) негізін қалаушы-акционерлері бөлген қаражат – (40 млрд теңге) есебінен салынған.
ERG-дің қаржылай көмегі Ойыл ауданындағы Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар мен Бестамақ, Ойыл ауылдарында жалпы саны 174 баспана салуға бағытталды. Ал, Ырғыз ауданында Нұра, Мамыр және Ырғыз кенттерінде 120 үй салынып, жөнделеді. Бұдан бөлек, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан баспаналар сатып алып, жөнделді.
– Біз бүгін тасқыннан зардап шеккен отбасыларға баспана кілттерін тапсыруға жиналдық. Осыған дейін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп, Сарыжал ауылдық округінде салынған үйлер пайдалануға берілген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жұмыс уақытылы атқарылды. Құрылыс барысында жұмыс сапасына, жерлестерімізге жайлы да қауіпсіз болуына ерекше назар аударып жатырмыз,- деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүрді. Қазір құрылыс қызған.
– ERG-дің елмен бірге жасасып, дамып келе жатқаныны биыл – 30 жыл. Компаниямыздың миссиясында: «Бізге сенім артқандардың гүлденуін қамтамасыз етеміз» деп анық жазылған. Сондықтан, біздің кәсіпорындарымыз орналасқан «туған қалаларымыздың» тұрғындары тосын жағдайға тап болғанда, біз қарап қала алмадық. Табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындардың үйлі болғанына шын қуаныштымыз,- деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.
Жоғарыда айтылған көмек аясында Батыс Қазақстан облысында 375 үй салынып, Орал қаласынан баспаналар сатып алынып, жөнделіп жатыр. Қостанай облысында да баспананы сатып алу мен жөндеуге қаражат бөлінген.
Естеріңізде болса, ертеректе ERG-дің негізін қалаушы-акционерлері су тасқыны салдарын жоюға 40 млрд теңге қаражат бөлген. Одан бөлек, Топ кәсіпорындары тасқынға қарсы шараларға белсене қатысып, техника, материалдар ұсынып, бөгет құрылысына қатысып, зардап шеккендерге барынша жәрдемдесті.