Конституция күні Орал қаласындағы 200 отбасына жаңа баспана кілттері табыс етілді. Бұл үйлер Eurasian Resources Group-тің (ERG) негізін қалаушы-акционерлері бөлген қаражат – (40 млрд теңге) есебінен салынған.
Компания көктемгі тасқында баспанасыз қалған Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындарына үй сатып алу мен құрылыс жұмыстарына қаржылай көмек көрсетті.
Көмек аясында Батыс Қазақстан облысында 375 үй, Орал қаласынан баспаналар сатып алынып, жөнделді.
Қостанай облысында да қаражат үй сатып алу мен оған жөндеу жүргізуге бағытталды. Ал, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 172 үй салынып, Ырғыз ауданында 120 баспана тұрғызылып, жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан баспаналар сатып алынып, жөнделді.
Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтап, жаңа баспана кілттерін табыс етті. Қысылтаяң шақта қолдау көрсеткені үшін ERG компаниясына алғыс айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, тасқыннан зардап шекккен тұрғындарға заң аясындағы тиісті көмек көрсетілді. Бүгін біз Орал қаласының саяжайлар алқабында тұрып, тасқында баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлердің кілттерін табыс етіп жатырмыз. Бұл жалпы өңір үшін үлкен қуаныш. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен ERG компаниясының өкілдеріне шын жүректен алғыс айтамын», - деді Нариман Төреғалиев.
Қаржыландыру Батыс Қазақстан облысындағы «Ақ жайық» қоры арқылы жүрді.
– Ақтөбе облысында тасқыннан үйсіз қалған тұрғындарға осыдан тура 2 апта бұрын біз жаңа баспаналарын табыстадық. Ойыл ауданында 19 отбасы жаңа үйге көшті. Оралдағы осы үйлер сияқты, олар да Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы бөлген қаражатқа сатып алынған. Компанияның негізін қалаушы-акционерлері тасқыннан зардап шеккендерге көмекке 40 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. ERG-дің елмен бірге жасасып, дамып келе жатқанына биыл – 30 жыл. Компаниямыздың миссиясында: «Бізге сенім артқандардың гүлденуін қамтамасыз етеміз» деп анық жазылған. Босағаларыңыздан құт кетпесін! Үйлеріңіз берекеге толсын! – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев.
Естеріңізде болса, ертеректе ERG-дің негізін қалаушы-акционерлері су тасқыны салдарын жоюға 40 млрд теңге қаражат бөлген. Одан бөлек, Топ кәсіпорындары тасқынға қарсы шараларға белсене қатысып, техника, материалдар ұсынып, бөгет құрылысына қатысып, зардап шеккендерге барынша жәрдемдесті.