Зауыт басшысы жұмысшыларға қосымша қандай көмек көрсетіліп жатқанын әңгімеледі. 2025 жыл ресми түрде "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші наурыз күнгі "Қазақстан халқына Жолдауында" айтты.
Жұмысшыларға арналған 3,5-5 пайыздық ипотека Осы орайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков Informburo тілшісіне берген сұхбатында зауытта еңбек ететін бірнеше мыңдаған жұмыскерге қандай жағдай жасалып отырғанын айтып, биыл 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылған өндіріс орнының жетістіктеріне тоқталды. Зауыт басшысының айтуынша, бірінші кезекте жұмысшылардың денсаулығына, біліктілігін арттыруға және баспаналы болуына көңіл бөлінеді. Мұнымен қатар ол мемлекет басшысының жұмысшы мамандарға көңіл бөлуінің маңызы зор екеніне тоқталды.
"Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшылардың қауіпсіздігіне жоғары мән береді. Дәл қазір біздің осы бағыттағы негізгі мақсатымыз өндірісте денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларды нөл пайызға дейін төмендету. Сол себепті жыл сайын жұмысшыларымыз тек салада озық маман болу үшін ғана емес, барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін біліктілігін арттырып, тиісті емтихан тапсырады. Өзге де қосымша шаралардың арқасында барлық келеңсіз оқиғалардың алдын аламыз деген үміттемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барынша жұмысшы мамандықтарға қолдау көрсетіп, кәсіптік білімді дамытуға шақырып жатыр. Біз өз кезегімізде осы зауытта жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін әлеуметтік пакет ұсынып келеміз. Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлініп жатқан сақтандырудан бөлек, қосымша дәрі-дәрмекке 60 мың теңге көлемінде сома бөлінеді. Өзіміздің кәсіподағымыз, қорымыз бар. Егер бізде жұмыс істейтін азаматқа денсаулығын жақсартуға 60 мың теңге жетпейтін болса, онда ол қосымша материалдық көмек сұрауға құқылы. Яғни жұмысшыларымыздың үш миллионға дейінгі сомаға емделіп, дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігі бар. Зауыт ашылғалы бері жылдың соңында он үшінші жалақы төлеуді тоқтатпадық. Жыл сайын инфляцияға байланысты жалақыны міндетті түрде арттырып отырамыз. Мысалы, биыл жалақы 10 пайызға артқан болатын. Келесі жылы да жағдайды тұрақтатып алған соң да, жалақы өсіру мәселесін қарастырамыз", – деді зауыт басшысы.