20 жасар қазақстандық Руслан Юсупов WorldSkills Lyon 2024 әлем чемпионатында үздік 5 веб-әзірлеушілер тобына кірді.

Француздың Лион қаласында өткен халықаралық жұмысшы кәсіптер чемпионатында ERG құрамындағы Business and Technology Services қызметкері Руслан Юсупов ерекше нәтижелер көрсетті. Астанадан келген жас әзірлеуші Қазақстан құрамасының сапында бақ сынаған. «Веб-технология» аталымында 34 елдің өкілдері өнер көрсетті. Руслан тек Венгрия, Корея және Сингапурдан келген сайыскерлерге жол беріп, турнирдің жалпы кестесінің төртінші сатысынан орын алды.

Биыл сайысқа Қазақстан 30 құзырет бойынша қатысты. Ұлттық құраманың құрамына 30 сарапшы мен 32 қатысушы кірді.

– Менің «WorldSkills 2024-те» көрсеткен өнеріме көңілім толады, - деді Руслан Юсупов. – Қазақстан құрамасы үшін ерекше қуаныштымыз, біз өз күшімізбен үздік болғанымыз үшін 6 медальонды қанжығамызға байладық (ескертпе, үздік медал >700 ұпай алғаны үшін беріледі). Менің құзыретім бойынша 34 ел қатысты. Мен осылардың көпшілігін жеңіп, 4-ші орынға ие болдым. 3-ші орынға 3 ұпай жетпеді. Әр елден келген көптеген адамдармен танысып, тәжірибе алмастым. Сайыстың ауқымы мен ұйымдастырылуынан керемет әсер алдым.

Руслан Юсуповтың ІТ саласына қызығушылығы бала кезінен басталған. Сегіз жасында компьютерлік ойындарға деген қызығушылығы оянып, 11 жасында ол бағдарлама жасай бастады және осы әуестігінен алғашқы ақшасын да таба бастапты.

Руслан АТ-ны интернетте өз бетінше үйрене бастады. Содан кейін Орал ақпараттық технологиялар колледжіне оқуға түскен. Қазір жас жігіт жоғарғы оқу орнында қашықтан білім алып және бірнеше айдан бері өндірістік жүйелерді әзірлеуші ретінде Business and Technology Services (АТ - ERG бөлімшесі) командасында жұмыс істеп жүр.

WorldSkills Lyon 2024 сарапшыларының құрамында Business and Technology Services компаниясының тағы бір қызметкері – Айжан Зияданова сөз сөйледі. Ол тау-кен ісіндегі өндірістік жүйелерді дамыту бөлімінде жобалар жетекшісі болып жұмыс істейді.

– Осы халықаралық сайыстың сарапшысы ретінде мен 2016 жылдан бері қатысып келемін, - дейді Айжан. - Сарапшының рөлі – байқауға қатысушылардың жұмысын тексеру. Бұл ретте біз өз елімізден басқа барлық елдерді бағалаймыз. Мен үшін бұл қызмет – жұмыстан бос уақытта айналысатын хобби, волонтерлік іс. Биыл бізді компаниямыз да қолдады. Жарыс бірнеше күнге созылды, алаңдағы атмосфера керемет болып тұр. Әр елдің адамдарымен, олардың мәдениетімен, тәжірибесімен танысу мен үшін баға жетпес қуаныш!

  WorldSkills International - 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби дағдыларын анықтауға және дамытуға бағытталған ірі халықаралық жарыс. WorldSkills-тің негізгі миссиясы – жұмысшы мамандықтарын насихаттау, жастарды технология, инженерия, құрылыс, ІT және басқа да көптеген салаларға тарту. Чемпионат әлемнің түкпір-түкпірінен келген  қатысушылардың басын қосады.

Биыл «WorldSkills Lyon 2024-ке» 69 елден 1500-ге жуық қатысушы қатысты.