Ойыл ауданындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ақкемер ауылының 16 тұрғыны жаңа баспанаға кірді. Аумағы 80 шаршы метр болатын 3 бөлмелі тұрғын үйлердің құрылысы Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы бөлген қаражатқа салынып, құрылыс жұмыстарын "Hause Master Aktobe" мердігер компаниясы жүргізді.
Ақкемердің қыратында ақ-қызыл кірпішпен әдемі етіп қаланып, шатырлары жарқырап алыстан көрінетін жаңа ауылдағы бір үйдің құны - 28,5 млн теңге. Салтанатты шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, "ERG" компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков, мердігер мекеме басшылары қатысып, баспана иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады. Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне жиналған жаңа қоныс иелеріне "Sulpak" электроника сауда желісінің атынан тұрмыстық техника сертификаттары табысталды.
Ақкемердің қыратында ақ-қызыл кірпішпен әдемі етіп қаланып, шатырлары жарқырап алыстан көрінетін жаңа ауылдағы бір үйдің құны – 28,5 млн теңге. Салтанатты шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, «ERG» компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков, мердігер мекеме басшылары қатысып, баспана иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады. Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне жиналған жаңа қоныс иелеріне «Sulpak» электроника сауда желісінің атынан тұрмыстық техника сертификаттары табысталды.
Айта кету керек, сәуірдегі тасқыннан Ойыл ауданының орталығы мен Екпетал, Кемер, Бестамақ, Қаратал ауылдарында 328 үй зардап шекті. Комиссия қорытындысымен материалдық залал көлемі анықталып, қатты зардап шекпеген 21 үй қайта жөндеуден өтсе, тұрғындардың таңдауымен екінші нарықтағы 135 үй сатып алынды. Ал тұруға мүлде жарамсыз, құлап қалған үйлердің орнына 172 жаңа баспана салынатын болды.
Жазда негізгі жұмыстар аяқталғанымен, қыркүйек – құрылысшылар үшін де қарбаласқа толы. Күн суытып, жаңбыр-лайсаң басталғанша біраз шаруаны аяқтау керек. Осы айдың соңына дейін әлі де 13 баспананың кілті иелеріне табысталады. «ERG» компаниясы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға біраз қаражат бөлді. Қиын-қыстау заманда қол қусырып қарап отырмай, біз де үлесімізді қосайық деп шештік. Міне, бүгінде сіздердің жаңа баспананың иегері атанғандарыңызды көріп, тиісті жұмыстың нәтижесі деп бағамдап отырмыз. Шаңырақтарыңыз әрдайым шаттыққа толы болсын», деді «ERG» компаниясының өкілі Ержан Абдулабеков.
«Ауыл азаматтарына бүгінгі қуанышты күніміз ұзағынан болсын дегім келеді. Осыдан бірнеше ай бұрын ауылымызды су алып, қиналғанымыз есімізде. Мемлекет басшысы халыққа арнайы қолдау білдіріп, бізге өз жәрдемдеріңізді көрсетіп, қала типті үйлер салып бергендеріңізге аналық шексіз алғысымды білдіремін», деп Ақкемер ауылының тұрғыны Жұмагүл Нұрғалиева қуанышын бөлісті.
Ойыл ауданында су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 172 тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, инфрақұрылым, су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарына өтемақы төлеу жұмыстары да тиісті жоспармен жүргізілді. Тұрғындар жаңа қонысқа түгел орналастырылған соң су шайған ауыл жолдарын жөндеу, бөгеттерді нығайту және аудан орталығына кіреберістегі көпірді қалпына келтіру жұмысы басталады. Оған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінді.