Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Жақында ғана осы кәсіпорынның ең жас бөлімшесі саналатын №4 балқыту цехының іске қосылғанына 10 жыл толған. Осы цехтың арқасында қара металлургия тұңғышының еңбек өнімділігі екі есеге артты. Жұмыс сапарында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі өңірдегі экологиялық жағдайды реттеу мен жақсарту мақсатында ERG жүзеге асырып жатқан басқа да жобалармен танысты.
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төртінші балқыту цехында тек Қазақстан ғана емес, жалпы әлемдік өнеркәсіптегі балқытудың теңдессіз инновациялы технологиялары қолданылады. Мұндағы 4 тұрақты тоқ пеші әлемдегі ең қуатты саналады. Қуаты 72 МВт-тық орнатылған тұрақты ток пештерінің дәстүрлі ток пештерінен айырмашылығы – өндірісте ұсақ кенді сапасына нұқсан келтірмей қосымша бөлшектеусіз қолдануға және отандық қалпына келтіргішті пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндағы өндірілетін жоғары көміртекті феррохром өзінің сапасы жағынан бағалы. Цех металлургтері өздерінің алғашқы мерейтойы қарсаңында 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытты.
Олжас Бектенов өндірісте шығарылатын өнім сапасын арттырып, өңдеудің жаңа сатыларына жетелейтін инновациялық технологияларды енгізудің маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен экологияға ерекше назар аудару керектігіне екпін түсірді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық бизнеске қажетті қолдау көрсетіледі. Алпауыт кәсіпорындардағы өндіріс көлемінің артуы жанама салалардың дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, адамдардың өмір сапасын жақсартуға септеседі.
Жаңа өндіріс ошағы барынша автоматтандырылған. Ал пештердің құрылымдық ерекшеліктері мен қалдықтарды өндірісте пайдалану мүмкіндігі өндіріс шығындарын азайтып, қазақстандық құрамды арттырады. Сонымен қоса табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды қамтамасыз етеді.
– Табиғатты қорғау мәселелері біздің өндірістік мақсаттарымыздың – ең маңызды тұсы. Жаңа өндірістік алаңдар қоршаған ортаны қорғау саласының барлық талаптарына сай жобаланып, пайдалануға беріледі, - деді кездесуде ERG компаниясының Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов. – Цех ең заманауи газтазарту жүйелерімен жабдықталған және мұнда қолданылатын өндірістік шешімдер баламалы энергияны дамытуға арналған ферроқорытпа газын жинауға мүмкіндік береді.
ERG №4 балқыту цехы жанынан қуаты 80 мегаватқа дейінгі кәдеге жарату станциясын салуды жоспарлап отыр. Оның негізгі отыны ферроқорытпа газы болмақ. Отын – ферроқорытпаларды балқыту кезінде түзілетін жанама өнім. Төртінші балқыту цехы осы отынның негізгі жеткізушісі ғана емес, жаңа баламалы энергияның негізгі тұтынушысы деуге негіз бар. Бұл дәстүрлі энергия тасымалдағыштарды тұтынуды азайтып, атмосфераға көміртегі оксиді шығарындыларын азайтуға ықпал етеді. ERG бұл жобаға 50 млрд теңге бағыттайды. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
ERG өзінің экологиялық стратегиясы аясында бір ғана Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өзіне 2030 жылға дейін 17 миллиард теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлады. Қазірдің өзінде бірінші және екінші цехтың газтазарту жүйелері жаңартылды. Аталған жұмыста жабдықтар толығымен жаңғыртылып, ең заманауи технологиялар мен шешімдер қолданылды. Жаңа газтазалау қондырғылары іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның қоршаған ортаға түсірер экологиялық жүктемесі 30%-ке төмендеді. Бүгінгі таңда ол цехтарды кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, №1 балқыту цехын жаңғырту жобасына 59,8 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Цехтағы екі пеш толығымен жаңартылды және 2030 жылға қарай тағы бес қондырғы жаңартылады. Бұл олардың өнімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар экологиялық аспектіге де айтарлықтай оң әсерін тигізеді. Яғни жұмыс аймағындағы шаңды азайтып, ондағы еңбек жағдайын жақсартады.
ERG 2030 жылға дейінгі экологиялық бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 228 млрд.теңге бағыттауды көздеп отыр. Топ кәсіпорындарында оны іске асырудың алғашқы екі жылында қатты заттардың шығарындылары 8%-ке, ластаушы заттардың шығарындылары 19%-ке, технологиялық суды тұтыну 10%-ке төмендеді.