Ақкемер ауылының 16 тұрғыны қоныстойын тойлады. 80 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі баспаналар Eurasian Resources Group (ERG) құрылтайшы-акционерлері бөлген қаражатқа салынды. Бір үйдің құны - 28,5 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын "Hause Master Aktobe" мердігер компаниясы жүргізді.
Салтанатты шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, ERG компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков, мердігер мекеме басшылары қатысып, баспана иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады. Сонымен қатар,"Sulpak" электроника сауда желісінің атынан тұрғын үй иелеріне тұрмыстық техника сертификаттары табысталды.
"ERG компаниясы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға біраз қаражат бөлді. Қиын-қыстау заманда қол қусырып қарап отырмай, біз де үлесімізді қосайық деп шештік. Міне, бүгінде сіздердің жаңа баспананың иегері атанғандарыңызды көріп, тиісті жұмыстың нәтижесі деп бағамдап отырмыз. Ендігіде шаңырақтарыңыз әрдайым шаттыққа толы болсын", - деді ERG компаниясының өкілі Ержан Абдулабеков.
Ойыл ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 328 үй зардап шегіп, 21 үй қайта жөндеуден өтсе, тұрғындардың таңдауы бойынша екінші нарықтан 135 үй сатып алынған.
"Ауыл азаматтарына бүгінгі қуанышты күніміз ұзағынан болсын дегім келеді. Осыдан бірнеше ай бұрын ауылымызды су алып, қиналғанымыз есімізде. Мемлекет басшысы халыққа арнайы қолдау білдіріп, бізге өз жәрдемдеріңізді көрсетіп, қала типті үйлер салып бергендеріңізге аналық шексіз алғысымды білдіремін", - деп Ақкемер ауылының тұрғыны Жұмагүл Нұрғалиева қуанышымен бөлісті.
Жалпы, ауданда су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқынды. 172 тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, инфрақұрылым мәселесі де қатар жүргізілуде. Жолдарды тиісті қалпына келтіру, бөгеттерді нығайту және Ойыл ауылына кіреберістегі көпірді қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр.