Биыл Tugan Qala форумы Хромтаудағы Кеншілер мәдениет үйінде өтті. Форумға мемлекеттік орган қызметкерлері, өнеркәсіп индустрия өкілдері, шараны ұйымдастырушы бастамашыл тұрғындар және форум бағдарламасын әзірлеген Дөң ТКБК қызметкерлері мен қазхромдықтар қатысты.
150-ге жуық адамның басын қосқан жиында тұрғындардың ұсынысы бойынша қаланың тарихи орындарына квест, Tugan Qala бастамасымен бой көтерген нысандарды тегіс қамтып, қатысушылар өздерін қызықтырған тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатыса алды.
Tugan Qala жобасы – ERG жыл сайын облыс әкімдіктерімен арада жасалған меморандумдар аясында бөлінген қаражаттың қайда бағытталатынын тұрғындардың шешуіне мүмкіндік беретін бастама. Түпкі мақсат – кәсіпорындардан түскен қаражаттың қай инфақұрылым нысандарына жұмсалуы тиіс екенін және қалада қандай нысандар салынатынын тұрғындардың өздері анықтап, сол арқылы қаланың дамуына тікелей өздерінің атсалысуына жол ашу.
Бастама Хромтау, Ақсу, Рудный қалалары мен Қашар және Октябрьский кенттерінде іске асырылып жатыр. Биыл Лисаковск қаласында да өтінімдер қабылданды. Жалпы, Tugan Qala жобасы 2019 жылы қолға алынды. Оның аясында бүгінге дейін 144 әлеуметтік нысан салынып, іске қосылған. Олардың қатарында балалар мен спорт алаңдары, арт-нысандар мен инклюзивті жағажай, шаңғы роллер жолы және т.с.с. бар. Tugan Qala жобасы аясындағы бастамаларды іске асыруға ERG жалпы сомасы 690 млн теңгеден астам қаражат бағыттаған.
– Tugan Qala жобалары – моноқалаларды қолдау, оларды дамыту мен ондағы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қатысты Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар үдесінен табылады, – деді ERG Директорлары кеңесінің төр-ағасы Шухрат Ибрагимов. – ERG компаниясы моноқалалардағы өсім потенциалын айқын аңғарып, нақты сол жерлерге инвестиция құйып келеді. Тек соңғы 4 жылда осы қаладағы әлеуметтік бастамаларды іске асыруға 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.
Форум қонақтары Tugan Qala жобасының Хромтаудағы алты нысанын аралап шықты. Олар сондай-ақ қалаға арнап тілектерін арнайы баннерге жазып қалдырды. Қалаған адам орталық саябақтан бастап Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке дейін автобуспен серуендеді.
– Форумға қатысқан қонақтар көбіне 10-12 миллион теңгеге сапалы, толыққанды инфрақұрылым объектілерін іске асыруға болатынын көріп, таңғалды, – дейді форумды ұйымдастырушылардың бірі Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының менеджері Гауһар Асылбек.
– Бұл – Tugan Qala жобасының тиімділігінің айқын дәлелі. Форум Хромтау қаласының дамуына септесіп, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жобаның бірегейлігі мен қаржыландыру көлемі тұрғындардың жобаларға белсенді қатысуына және олардың іс жүзінде жүзеге асуына жол ашады.
Одан бөлек, форумға қатысушыларға Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік, қаржы, психология, сәулет және құрылыс салаларындағы жетекші сарапшылардың тренингтері мен шеберлік сабақтары жоспарланған. Мемлекеттік органдар және бизнеспен бірлесіп, қауымдастықтар құру жайлы шеберлік сабағы да бар. Форум меймандары бастаманың «Идеядан іске асқанға дейінгі» барлық сатыларымен жіті таныса алады.
– Біздің қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, өз бастамаларын ұсынбаса, ERG-дің Tugan Qala сынды жобалары іске аспайды. Жыл сайын бастамаға атсалысатындар қатары артып келеді. Біз армандағы қаланы бірге, ортақ іске жұмыла күш біріктіре отырып қалыптастырамыз, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов. – Оның үстіне, біз компания қызметіне ESG-қағидаттарын кіріктіру мен шағын қалаларды орнықты дамытудың экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық аспектілерін жете түсінеміз.
Форум қорытындысында онлайн-байқау мен квест жеңімпаздары марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.