Қазақстандағы ең ірі металлургиялық кәсіпорын қалдықтарды өңдейтін қосымша кешен салып жатыр

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты қож өңдеу көлемін ұлғайтып, оның қалдықтарынан алынатын бағалы шикізаттың пайызын ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта кәсіпорын аумағында ұсақ класты қожды өңдеуге қауқарлы тағы бір тұндыру кешені салынып жатыр. «Қазхром» ТҰК» АҚ өнімділікті арттыруға бағытталған жобаға шамамен 5 миллиард теңге инвестиция құяды.

Ақсу ферроқорытпа зауытындағы жаңа өндірістік алаңның қуаты – жылына 465 мың тонна қож өңдеуге жетеді. Бұл кәсіпорынға құрамындағы хром үлесі 60%-тен кем емес қосымша 27 мың тонна металл концентратын алуға мүмкіндік бермек. Ол өндірісте қайта пайдаланылады. Сонымен қоса, жаңа тұндыру кешені зауытта бұрыннан бар өңдеу кешендерінің жұмысы мен (зауытта олардың жетеуі бар) бұған дейін қолданылған технологияларды қайталамайды. Жаңа кешен бұрын мердігер ұйымдар өңдеген қождың шағын фракцияларын қайта реттейді.

– Екінші рет қайта өңдеу – ESG күн тәртібінде тұрған аспектілердің бірі және біздің компания үшін мегатренд. Сондықтан біз бұл бағытқа  көбірек көңіл бөлеміз. Жаңа жоба өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, аймақ  экологиясына оң әсерін тигізеді.  Бұл қазіргі және бұрыннан қордаланған қожды жоюды, тұтынатын табиғи ресурстарға мұқияттылықпен қарайтынымызды көрсетеді, - деді «Қазхром»ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.

Металл концентратын өндіруден бөлек, кешен цехта бұрыннан алынған бай металл концентратын өңдеп, нәтижесінде жылына шамамен 16 тонна тауарлы феррохром шығара алады.

– Жоғарыкөміртекті феррохром қожын қайта өңдеу көлемін ұлғайтумен байланысты экологиялық бағдарламалардың тиімділігін арттыру арқылы кәсіпорын «жасыл» экономикаға қарай ойысуды белсенді түрде жалғастыруда, - деді Ақсу ферроқорытпа зауытының өндіріс жөніндегі директоры Сұңғат Балтабаев. – Жаңа кешеннің бөлек корпусы сол жерде  бұрыннан тұрған ғимараттың жанына салынады. Екеуіне жылыту жүйесінің жылу сорғылары ғана ортақ болады. Оның көзі ретінде бірінші балқыту пешінің салқындату жүйесіндегі айналма судың тұйық циклі қала бермек.

Жаңа тұндыру кешені іске қосылғанда 30 жұмыс орны ашылады.

Қазір кәсіпорында құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр. Барлық қажетті жабдықтар да келді. Кешенді 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланған.