01 Қазан 2024

Eurasian Resources Group әлемдік деңгейдегі ірі тау-кен техникасын өндіруші Epiroc компаниясымен келісім шарт жасасты

Eurasian Resources Group (ERG) өндірісті тау-кен техникасымен жабдықтау үшін Epiroc компаниясымен жалпы құны 32,4 млн еуродан астатын жерасты тау-кен шахта жабдықтарын жеткізуге келісім шарт жасасты. Жеткізілім Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы атындағы шахтаның екінші кезегіне керек. Құжатқа «ERG Коммерция орталығы» ЖШС Бас директоры Руслан Мулюкбаев, Epiroc AB басқарма төрайымы Вейн Саймс Хелена Хедблум, жерасты тау-кен шахта жабдықтары дивизионының президенті Вейн Саймс, жерасты тау-кен шахта жабдықтары дивизионының маркетинг жөніндегі вице-президенті Рикард Йоханссон мен «Эпирок Орталық Азия» ЖШС Бас директоры Кәмшат Ғалиева, жерасты өнімдер жөніндегі менеджер Александр Совцовтар қол қойды.

Әлемде мұндай жабдықтарды тиісті талаптар мен сапада жасай алатын компаниялардың саны саусақпен санарлық. Қазақстанда атымен жоқ. Сондықтан, күрделі жобаны іске асыратын серіктес ретінде ұзақ жылдар бойы тау-кен техникасын шығаруда тәжірибесі толысқан Epiroc компаниясы таңдалды. Озық технологияларды әзірлеп, инновациялық  жабдықтар құрастыратын компания қондырғылардың өндірістік сипаттарын ұдайы жетілдіріп келеді.

 Серіктестік аясында жаңа буынның жер асты техникаларын жеткізу көзделген. Бұл шахтаның жылына 7,5 миллион тонна хром кенін өндіруіне септесуі тиіс. Ол үшін ұңғылаушы бұрғылау жабдықтары, өндіруші бұрғылау қондырғылары, арқан бекітпелеріне арналған жабдықтар, шахталық тиеуіштер мен автотүсіргіштер жеткізіледі.

Бұл жабдықтарды Топтың қызметтер мен тауарларды орталықтандырылған сатып алулар жөніндегі бірыңғай операторы – ERG Коммерция орталығы сатып алып отыр.

 Жаңа цифрлық технологияларды енгізу өндірістің тиімділігін арттырып, ондағы қауіпсіздікті жақсартып, өндіріс процестерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге сеп. Диспетчерлеу мен соққының алдын алу жүйесі – орнықты өндіріс трендіне сай заманауи шешім. Оған қоса техника өнімділікті арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге сеп.

– Бізге серіктестеріміздің тек сенімді болғаны ғана емес, өндіріс процестерін желтілдіру ісінде біздің мақсаттарымызды қолдауы да ерекше маңызды. 19 жылдық әріптестікте Epiroc компаниясы өндірістегі мерзім, логистика мен қаржыландыру шарттары тармақтары бойынша көптеген тапсырмаларды тиімді шешуге септесті. Олардың тау-кен шахта және бұрғылау қондырғыларын жеткізудегі кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі толысқан. Сайып келгенде осының бәрі болшаққа нық сенім ұялатады,- деді «ERG Коммерция орталығы» ЖШС Бас директоры Руслан Мулюкбаев.

 Жаңа жабдықтар Хромтау қаласына жеткізіліп, Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы атындағы шахтаның екінші кезегінде пайдаланылады. Елдегі ең терең шахта оқпандарының бірі де осында. Тереңдігі – 1 км астам. Салыстыра айтар болсақ, әлемдегі ең зәулім ғимараттардың бірі Бурдж халифтің биіктігі – 900 метрге жуықтайды. Ал, біздегі шахтаның жаңа оқпаны – 1 мың 200 метр. Тек төмен қарай. Шахтаның екінші кешегінің жобалық қуаты – жылына 6,5 млн тонна кен. ERG бұл жобаға 877,6 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.

Халықаралық компаниялармен серіктесе отырып, ERG елішілік құндылықтарды дамыту ісін де жүйелі жүргізіп келеді. ERG-дің жыл сайынғы сатып алуларының жалпы көлемі – 1,7 трлн теңгеге жуықтайды. Өткен жылдың қорытындысында ондағы отандық тауарөндірушілер мен қызмет ұсынушылардың үлесі – 68%.  

ERG 2020 жылы импортты алмастыру бағдарламасын қолға алған. Оның аясында кез келген қазақстандық өндіруші біздің елде өндірісін ашып, жолға қойғысы келетін тауар немесе тауарлар түрін атап көрсетіп, өтінім бере алады. Өтінім қолдау тапса, ERG бұл компаниямен ұзақмерзімді шарт немесе оффтейк-келісімін жасаса алады. ERG-дің Коммерция орталығы 2020-2023 жылдар аралығында бұрын шеттен алынып келген 2 млрд теңгелік 174 тауар түрін отандық тауарөндірушілерден сатып алып, импортты алмастырған. Қазір бағдарламаға енген тауарлар тізімінде 19 мың өнім түрі бар. Олар түгелдей дерлік – импортталатын өнім. Яғни, Қазақстанда осы түрлерінің өндірісін жолға қою мүмкіндігі бар.