ERG құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кенішінде 2024 жылдың төртінші тоқсаны айналмалы-ағынды аршылым кешенін (АААК) қолдана отырып, аршу жұмыстары бойынша рекордтық көлемдерге қол жеткізумен ерекшеленді.
Кеншілер бір тәулікте 56 мың текше метр аршылым жасап, 35 мың текше метрге жоспардан асып түсті. «Шығыс» кенішінің ұжымы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп қана қоймай, берілген қарқынды сақтап қалды.
Жару жұмыстарының сапасы, сондай-ақ экскаватор паркінің тұрақты жұмысы және АААК ауданындағы өндірістік операциялардың орындалу жылдамдығы – өнімділіктің өсуіне әсер еткен маңызды факторлар.
Айналмалы-ағынды аршылым кешені – экскаваторлы-автомобиль кешенінің ұсақтау қондырғыларымен және конвейер желілерімен үйлескен. Бұл теміржол көлігін пайдалана отырып, өндірістік процестен тиімсіз тасымалдауды алып тастауға мүмкіндік берген заманауи технология.
– Қазақстанда баламасы жоқ кешен кәсіпорынның экономикалық тиімділігін едәуір арттырады – төменгі горизонттардағы аршу жұмыстары көмір өндірудің өзіндік құнын төмендетеді. Автомобиль көлігінің теміржол көлігінен айырмашылығы жұмыс алаңдарының технологиялық параметрлері бойынша талабы әлдеқайда аз,- деді «Шығыс» кенішінің операциялық директоры - бас инженері Қалижан Исенов.
АААК аймағында рекордтық көрсеткішке жеткен кезде 4 экскаватор, яғни үш гидравликалық және бір арқанды, сондай-ақ жүккөтергіштігі 140 тонна Caterpiller самосвалдары іске қосылды. Сондай-ақ, ұсақтау қондырғылары аймағындағы процестердің циклдық сипатын сақтау үшін буферлік қойма салынған. Кеніш басшылығы нәтижелерді сағатына 2 400 текше метр деңгейінде ұстау міндетін жүктеді.
Аршылған тау-кен массасын алу қарқынының артуы көмір қабаттарын аршуды қамтамасыз етеді, бұл тікелей қазуға дайын көмірдің көлемін едәуір жоғарлатады, демек, көмір кәсіпорнының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.