21 Қазан 2024

Ақтөбеге жаңа медициналық жабдық жеткізілді

Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында күйікке қарсы төсек, ал М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде эхокардиография аппараты орнатылды. Қазіргі заманғы медициналық жабдық ERG мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру туралы меморандум шеңберінде сатып алынған. Осы мақсатқа «Қазхром «ТҰК» АҚ биыл 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлді.

Ақтөбе университетінің профессорлары жаңа эхокардиограф пациенттерді тексеру мен емдеуге айтарлықтай септесерін атап өтті. Жаңа жабдық терапияны түзетуге, ауыр жүрек жеткіліксіздігінің дамуын болдырмауға және өмірлік маңызды химиотерапиялық емдеуді аяқтауға мүмкіндік береді.

– Онкология кафедрасымен бірлесіп, сүт безі қатерлі ісігінің химиотерапиясынан туындаған асқынуларды ерте бағдарлау бағытында зерттеу жүргіздік. Бұл зерттеуді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды. Біз үшін жүрек проблемаларын мүмкіндігінше ертерек анықтау өте маңызды болды. Бұрын біз ультрадыбыстық сканерді қолдандық, ол шамадан тыс жүктемелерге байланысты жиі істен шығатын. Зерттеулерге ұзын сонар кезек болғандықтан, біз пациенттерді уақытында тексере алмадық. Сондықтан эхокардиография аппараты өте жақсы көмек болды, – деп атап өтті М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің №2 ішкі аурулар кафедрасының басшысы Гүлнар Құрманалина.

Ал жедел медициналық жәрдем ауруханасына күйік шалғандарға арналған жаңа «Clinitron» төсегі орнатылды. Медицина қызметкерлері жаңа жабдықпен жұмысты бастап кеткен. Мамандардың айтуынша, бұл бірегей құрылғы терең күйіктері бар науқастардың тезірек сауығуына ықпал етеді.

– Күйікке шалдыққан науқастарға арналған төсек принципі – пациенттерге төсек демалысын сақтауға мүмкіндік беру арқылы жараларға қысымды азайтады. Сонымен қатар, диагностиканың дәлдігін едәуір арттырады және шұғыл көмек көрсету сапасын жақсартады, - дейді ЖМЖА травматолог-дәрігері Жаслан Урунбаев.

–  Денсаулық пен өмірден маңыздырақ не болуы мүмкін? Ештеңе жоқ, - деп атап өтті Қазхром «ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Прокопьев. – Сондықтан акционерлер мен Топ басшылығы мұндай қажеттіліктерге әрдайым қол ұшын созады. Себебі бұл біздің қала тұрғындарының денсаулығы үшін маңызды. Қазіргі заманғы аппараттар дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, оны сапалы әрі тиімді етеріне сенімдімін.