24 Қазан 2024

egemen.kz 22.10.24 – Шухрат Ибрагимов: Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын

Таяуда «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған Шухрат Ибрагимовпен сұхбат құрудың реті келді. Табиғи ресурстарды өндірумен және өңдеумен айналысатын компания басшысы Президенттің өндірістің барлық сатысын өз елімізде жүзеге асыру туралы тапсырмасы, компания құндылығы мен мүддесі, терең өңдеуді жүзеге асыру жобалары, дивидендтік саясаттың өзгеруі және басқа да маңызды тақырыптар төңірегіндегі сауалдарға жауап берді.

– Менің ғана емес, жас буынның көзқарасы тұрғысынан қарасақ, біз бизнеске бар нәрсені жалғастыру үшін ғана емес, жаңа құндылықтар мен тың бағыттар қалыптастыру үшін келеміз. Әлем қатты өзгерді. Бірер жыл бұрын ойымызға да келмеген тәуекелдер мен қатерлер пайда болып жатыр. Заманауи әрі табысты компания ретінде мұндай қауіп-қатерді бизнесті жақсарта түсудің мүмкіндігі деп түсінеміз. Кем-кетігімізді жойып, артық тұсымызды нығайта түсеміз. Өзгеріс – дамудың ажырамас бөлігі. Мәселе біздің қандай мақсат қоятынымызда. Тежелуді азайтып, шығыннан бас тартамыз ба, әлде қалай болғанда да алға жылжып, әр бағыттың әлеуетін ашамыз ба? Басты мақсатымыз – өндірістің өсімі, бұрыннан бар және жаңадан құрылған кәсіпорындар модернизациясы, терең өңдеуге көшу, қызметкерлерді сақтау мен олардың біліктілігін арттыру.

Иә, біз компанияның алдыңғы онжылдықтағы даму бағдарламасын алмастыратын жаңа құндылық, жаңа стратегиямен жұмыс істейміз. Бұл стратегияны «индустриалды модернизмнің» бір сипаты десем болады, яғни байырғы өндіріс орындарын қайта жарақтандыру және біздің компанияда бар бәсекелі артықшылықты күшейтетін жаңа жобаларды құру. Әлбетте, бұл мақсатқа жету жолында бізге қаржы мен зияткерлік ресурс, қазіргі кірісті жаңа құрылғы мен технологияларға мейлінше молырақ қайта инвестициялауқажет болады. Энергия үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау талаптарына жауап беру де маңызды. Бұл өз кезегінде компанияны қордаланған қарыз жүктемесінен құтқару міндетімен де байланысты. Сол себепті, стратегия тезірек қарызды жабу, кәсіпорындар дамуына инвестиция құю мақсатында ресурстарды босатуға ыңғайланады. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «экономиканың өнеркәсіптік негізін» қалыптастырамыз.

– Түсінгенім, сіз үшін елге инвестиция салу – басымдыққа ие. Бірақ компанияның бұрынғы басшылығы шетелде инвестиция жасауға көбірек назар бөлді. Бұл бағытта басымдықтар қалай өзгереді?

– Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін. Шетелдік жобаларға келсек, сондай шешімдер қабылданған кезде жаһандық ахуал және компанияның көзқарасы бәлкім, басқаша болған шығар. Бірақ жағдай өзгеріп жатыр. Қазір ол жобаларды жүргізу қиынға соғып тұр. Егер өзгерістерді сезіп, дереу бейімделе алмаса кез келген кәсіпорын, кез келген экономика қауіп-қатермен күресе алмайды, бәсекелесе алмайды. Ал біздің кәсіпорындардың көбі және басым қуаттылық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан бөгде нысандар үлесін төмендете отырып отандық өндірісті дамыту және жаңғырту – бірегей таңдауымыз. Қазақстан зауыттарына ERG әрқашан басымдық берген. Менің де басты мақсатым – елдегі өндірісті ұлғайту.

– Сіздің өндірісті ұлғайту туралы пікіріңізді қалай түсінсек болады? Әңгіме қазіргі қуаттылықты арттыру туралы ма, әлде мәселе одан да тереңде ме?

– Өндірісті жаңғырту – тек қуаттылықты кеңейту емес, терең өңдеу кезеңіне көшу. Қазіргі өнімдер өндірісін сөзсіз ұлғайтамыз, өйткені табыс әкеліп тұрған нарықты жоғалтпауымыз керек. Әрі қарай да тереңдей түсу үшін бізге еркін көлем мен капитал, шығаратын материалдар қажет. Кем дегенде шикізатымызды өзіміз өңдеп, қосылған құны бар өнім өндіргенге дейінгі аралықты құрайтын тұйық шеңбер құрмайынша тыным жоқ. Сондықтан қазіргі өнім көлемін арттыру – ең бірінші кезектегі мақсат.

дереккөзі