30 Қазан 2024

Шұбаркөлдіктер көмір жөнелтуден рекорд жаңартты

ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері рекордтық көрсеткішке қол жеткізді – олар қазан айында ауысымына 472 вагон көмір жөнелтті. Бұл жоғары нәтижелер бүкіл ұжымның үйлесімді жұмысының жемісі.

"Шұбаркөл көмір" АҚ – Қазақстан халқының коммуналдық-тұрмыстық көмірге деген қажеттілігінің 30%-ын қамтамасыз ете отырған, энергетикалық көмір өндірудегі көшбасшылардың бірі. Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдеріне ерекше сұраныс бар. Көмір өндірудің айлық рекордтық көрсеткішіне жүк тиеушілер бригадасының еңбегінің арқасында қол жетті.

– Көмірді жөнелту көлемі көптеген факторларға, соның ішінде автосамосвалдарды беру қызметін үйлестіретін диспетчерлердің еңбегіне байланысты, – деді жүк тиеу машинисі Ғалым Төлебаев. Ол ауысым барысында 180–190 вагонға жүк тиейді. – Біздің табысымыздың формуласы – біздің командамыз. Бізде керемет ұжым бар, мен әрқашан әріптестеріме сене аламын және әрдайым жетістіктерге бірге қуанамыз.

"Шұбаркөл көмір" АҚ-ның жоғары өндірістік көрсеткіштері – техника паркін үнемі жаңартып отырудың нәтижесі. Тек соңғы бес жылда инвестициялық бағдарлама аясында 44 түрлі тау-кен көлік жабдықтары сатып алынды. Соған қарамастан, "Шұбаркөл көмір" АҚ Бас директоры Сергей Ким атап өткендей, компания табысының басты тірегі – оның білікті ұжымы:

– "Шұбаркөл көмір" АҚ қарқынды дамып келе жатқан компания. Біз алға қойылған міндеттерді орындап қана қоймай, жаңа рекордтар орнатып жатырмыз, – деді Сергей Ким. – Біздің жетістіктеріміз Шұбаркөл командасының кәсібилігі мен бірлігінің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ, бізді «ТрансКом» және "Қазақстан Темір Жолы" АҚ қолдап, вагондардың уақтылы берілуін қамтамасыз етеді.

Көмір өндіру саласы көшбасшыларының бірі "Шұбаркөл көмір" АҚ жоспарлы міндеттерді орындай отырып, жаңа биіктер талпынады. Биыл кеншілер өткен жылғы көрсеткіштерден асып, 14,4 млн тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр.