Baq.kz 30.10.24 – Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының электригі Айбек Уайсбаев жуырда баспаналы болып, отбасымен қуанышқа кенелді.

Жас та болса еңбекқор, жұмысына адал, кәсібін жетік меңгерген жігіт 11 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытының газ тазарту қондырғылары цехында шебер-электрик болып жұмыс істеп келеді. Мұнда ол цехтағы қондырғылар мен құрылғыларды қарап, бақылайды, электр желілерін жөндейді.

Жуырда ERG құрамына кіретін "Қазхром" ТҰК" АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 50-ден астам жұмысшысына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер берілді. Осы жұмысшылардың арасында Айбек Уайсбаев та бар.

Жаңа пәтерімізге көшіп, қоныстойын тойлап жатырмыз. Келіншегім де, өзім де бұл жаңалыққа қатты қуандық. Бұл да еткен еңбектің жемісі деп ойлаймын. Мен ауылда өсіп, тәрбиелендім. Еңбекке ерте араластым. Сондықтан адам еңбекпен көркейетінін, жетістікке тек өзінің адал еңбегімен жететінін жақсы білемін. Ұлдарыма да ата-анамнан алған осы тәрбиені бойларына сіңіріп жатырмын, - дейді Айбек.

Айта кету керек, кейіпкеріміз қазір келіншегі Гүлжанат екеуі отбасында үш ұл өсіріп, тәрбиелеп отыр.

дереккөзі