04 Қараша 2024

aqtobegazeti.kz 01.11.24 – Өндірісте шыңдалған зертханашы

Қазір өндіріс орындарында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Сондай жандардың бірі — Әлия Шаргазина Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 40 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді.

Еңбек жолын 1984 жылы аталған кәсіпорында сынама іріктеуші ретінде бастаған кейіпкеріміз кейіннен ұзақ уақыт бойы химиялық талдау зертханашысы болған. Соңғы 19 жылдан бері 5-разрядты химиялық талдау зертханашысы боп жұмыс істейді:

— Қандай қызмет болсын, адам өзінің сүйікті ісімен айна­лысқаны жөн. Сондай кезде ғана еңбегің нәтижелі болады. Әрине, оңай жұмыс жоқ. Әр саланың өзіне тән қиындығы бар. Соның ішінде өндірістің ауыртпалығы көп, қазіргідей техника дамыған кезеңде жұмысқа қосылмадық. Бір белгілісі, ісің сапалы орындалып, жақсы маман атану үшін ерінбей, іздену қажет, — деп әңгімесін бастаған Әлия Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағыҚазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бейорганикалықзаттардыңхимиялық технологиясы бойынша инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдағанын атап өтті.

Жоғары білімді маман арада 40 жыл өткенімен, зауытқа алғаш келген күнін ұмытпайтынын, әсіресе сол кездегі әріптестерін дәйім ерекше жылылықпен еске алатыны жөнінде: «Бірінші жұмыс күнінде мені зауыт зертханасының басшысы Тамара Портретная жеке қабылдап, жетекшім етіп Аня Шабудинаны тағайындады. Біраз қобалжыдым. Жаңа орта, бұрын-соңды көрмеген өндіріс… Әйткенмен, «жас келсе – іске» деп мені қолдап, ақыл-кеңесін аямағандар өте көп болды. Оларға әлі күнге алғысым шексіз. Жылдар өте келе, өзім де шәкірт тәрбиелей бастадым. Алдымнан оннан аса жас өтті. Қазір біразы үлкен жетістікке жетіп, марапаттар алып, жоғары мансап иесі атанып үлгерді. Ұстаздан шәкірт озса, бұл да үлкен мақтаныш», — дейді еңбек адамы.

Зертханада қызмет атқаратын кейіпкеріміздің қызметі қашанда қауырт. Әр материалды сынақтан өткізу жауапкершілікті талап етеді. Сондай кезде әсіресе жастарды айналасына жиып, олармен тәжірибесімен бөлісуге тырысатынын тілге тиек етті. Себебі сынақ барысында қателіктер кетпеуге тиіс. Алда-жалда оған жол берілсе, соңы төтенше жағдайға әкелуі бек мүмкін…

Еңбек адамы сынақтардың заманауи әдістерін өндіріске сәтті енгізуге өзіндік үлес қосқанын айта кету керек. Айталық, ол «ферроқорытпалардағы марганецтің массалық үлесін титриметриялық әдіспен өлшеуді орындау» әдістемесін әзірлеуге қатысқан. Кайдзен идеясы бойынша орындалған командалық жұмыс мамандардың тарапынан жоғары бағаланды. Сұхбаттасушымыз сынақтардың сапасын жақсарту үшін зертханааралық салыстырмалы сынақтарғада жиі араласып тұрады. Осы орайда Әлияның металлургия өндірісінің материалдарына күрделі сынақтар жүргізетінін, сондай-ақ мемлекеттік стандартты үлгілерді шығаруға және күрделі титрленген ерітінділердің массалық концентрациясын белгілеуге атсалысатынын атап өткен ләзім.

Қызметте талапшыл мінезімен, әр іске жауапкершілікпен қарайтын алғырлығымен белгілі Әлия зауытта «Еңүздік өндірістікоқытунұсқаушысы» атағына ие болды. Кейінгі буын әріптестері оны осындай кәсіби білігі һәм адамгершілігі үшін ерекше сыйлайды.

— Әлия Елубайқызы — өте білікті маман. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін адам емес. Өз ісін жетік біледі. Жұмыс барысында кез келген сұрақпен барсаң, тиянақты түсіндіріп, ақпаратты толық жеткізеді. Сонымен қатар талапшылдығын ескеріп кетпеске болмайды, әр сынақты өз деңгейінде жүргізіп, оң нәтижесін шығара біледі. Әсіресе жастар ол кісіден көп үлгі алады. 40 жыл деген аз уақыт емес қой. Зейнет демалысына шығуына да сәл қалды, апайымызға тек мықты денсаулық тілейміз, — дейді ұжымдастары.

Әлия Шаргазина — аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Жары Қашыбай да 41 жыл бойы осы зауытта еңбек етіп, қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр.

2019 жылы «Казхромның» еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін тағып, бірталай Құрмет граматоларына ие болған кейіпкеріміздің аты-жөні былтыр Ақтөбе ферроқорытпа зауытының «Құрмет тақтасына» жазылып, суреті ілінді. Отбасы мен жұмысты қатар алып, өз ісінің шебері атанған Әлияның әлі де кәсіби жолда шыңдалуға ұмтылысы зор.

дереккөзі