29 Қараша 2024

Eurasian Resources Group, Huadian және Argestus компаниялары қуаты 200 МВт болатын ЖЭС салады

Eurasian Resources Group (ERG), Қытайдың Huadian және Қазақстанның Argestus компаниялары Екібастұз қаласы маңында қуаты 200 МВт болатын жел электр стансасын салу туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Бұл – Еуразиялық Топтың «жасыл» өнім өндіру және көміртегі ізін азайту жолындағы кезекті қадамы.

Жел электр стансасы ERG кәсіпорындарын жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз етпек. Жаңа ЖЭС іске қосылғанда Топ өнімдерінің, әсіресе хром мен алюминийдің көміртегі ізі азаяды.

Жоба бойынша 2026 жылдың соңына дейін қуаты 200 МВт болатын жел электр стансасы салынуы керек. Инвестиция көлемі 80 млрд. теңгеден асады.

– ERG даму стратегиясын ESG қағидаттарына сай құрып, жаңа өндірістерге қаржы салуда. Маңызды бағыттардың бірі – баламалы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану. Ақтөбе облысында алғашқы ЖЭС құрылысын жүргізіп жатырмыз. Енді тағы бір «жасыл» жобаны бастап жатқанымызды қуана хабарлаймын. Бұл жел электр стансалары еліміздің экспорт өнімдеріндегі көміртегі ізін азайту мақсатына өз үлесін қосады деп сенеміз, – дейді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Айта кетейік, ERG Ақтөбе облысында қуаты 150 МВт болатын жел электр стансасын салып жатыр. Жоба озық инженерлік және технологиялық әзірлемелер негізінде жүзеге асуда. «Жасыл» энергия ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіліп, отандық феррохромның көміртегі ізін азайтады. Жоба жүзеге асқан соң атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындылары жылына 520 мың тоннаға кемиді.

ERG осы жобамен шектелмейді, жаңартылатын энергия көздерін салуда басқа компаниялармен де бірлесіп жұмыс істеуге дайын.