10 Желтоқсан 2024

Мемлекет басшысы Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты

Хромтау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ жобаларымен танысып, жаңа «Болашақ» шахтасын көрді. «Болашақ» шахтасы келешекте жылына 7,5 млн тонна хром кенін өндіреді. Жаңа нысанның арқасында Қазақстан ферроқорытпа нарығындағы жетекші орындарын сақтап қалмақ.

ERG компаниясының шахта құрылысына және оны жобалық қуатына шығаруға бағыттаған инвестициясы – 1 триллион теңгеден асады. Мұнда 1 мың 800-ге жуық жұмыс орны ашылады. Кен өндіру үшін бұрғылау бағдарламасы орнатылған, автоматты басқару режимінде жұмыс істейтін, жер бетінен қашықтықтан басқару мүмкіндігі бар жаңа, өнімділігі жоғары «ақылды» бұрғылау қондырғылары және машинистің басқаруын талап етпейтін толығымен автоматтандырылған көтеру машиналары пайдаланылады. Бұлардың барлығы әрбір қызметкердің қауіпсіздігі мен өнімділігін айтарлықтай арттыруға сеп. 

 «Болашақ» шахтасы «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» кен орындарындағы хром кенін өндіруге арналған. Шахтаның тау-кен массиві күрделі тау-кен геологиялық  жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл жерде Қазақстандағы қара металл өндіретін ең терең шахта оқпаны орналасқан. Ол бір шақырымнан астам тереңдікте.

– ERG жұмысын бастағалы бергі 30 жылда  қазақстандық кәсіпорындар әрқашанда басымдыққа ие болды және болашақта да осылай бола бермек. Бұл – біз мақтана алатын тарих. Бүгінде ERG – әлемдегі ең ірі феррохром өндірушілердің бірі. Өндірілетін кен, байытылған концентрат пен шекемтастар 100% көлемінде Ақтөбе және Ақсудағы зауыттарымыздың ферроқорытпа пештеріне жөнелтіледі. Біз ферроқорытпа бағытын дамыта береміз. Ал жаңа «Болашақ» шахтасының іске қосылуы ERG-ге өндіріс көлемін арттырып, әлемдік нарықтағы жетекші орындарын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңа «Болашақ» шахтасы – қара металл өндірудегі ең күрделі инженерлік жоба. Бұл әлемдік деңгейдегі геологиялық міндет және біз оны жүзеге асыра алдық, – деп атап өтті ERG Директорлары кеңесінің төрағасы және Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Жаңа шахтадағы жұмысқа тәжірибелі ұңғылаушы Ерлан Битановтың бригадасы алғашқы болып кірісті.

– Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында жұмыс істегеніме 20 жыл болды. Сондықтан салыстырмалы түрде айта алатыным бар. Мұнда процестердің механикаландыру деңгейі жоғары. Заманауи машиналармен жабдықталған – өздігінен жүретін техникалар бар. Осылайша, адамдардың жұмысы жеңілдейді. Яғни жұмысшылар техника операторының рөлін атқарады. Мұндай заманауи техниканың болуы персоналдың кенжар (забой) алаңында жүру пайызын төмендетеді. Демек еңбек қауіпсіздігі артады деген сөз, - деді Ерлан Битанов.

Жоба туралы толымдырақ видеодан көре аласыздар: