24 Желтоқсан 2024

Eurasian Resources Group электр қуатының алғашқы «жасыл» киловаттарын өндірді

Ақтөбе облысында Eurasian Resources Group (ERG) салып жатқан «Хромтау» жел электр станциясындағы қуаты – 6,25 МВт алғашқы 2 жел генераторы желіге қосылды. Қазіргі таңда бұл Қазақстанда іске қосылған мұндай қуатты жалғыз генератор. Қазақстандағы ірі тау-кен металлургия компаниясы – Еуразиялық Топ қуаттың алғашқы «жасыл» киловаттарын өзінің мерейлі 30 жылдығында алғанына ерекше қуанышты. Алынған қуат ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң ТКБК-ның 35кВ электр желілеріне берілді.

Естеріңізде болса, «Хромтау» жел электр станциясының іргетасы осыдан 2 жыл бұрын қаланған. Топтың декарбонизация стратегиясы аясында ESG қағидаттарына сай салынатын ЖЭС жобасының қуаты – 150 МВт. Онда ең заманауи инжиниригтік және технолгиялық әзірлемелер қолданылмақ. Алынған «жасыл» қуат ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң ТКБК-на жеткізіледі. Бұл отандық феррохромдағы көміртегі ізін төмендетуге сеп. 

ЖЭС жыл сайын 460 млн кВт/сағатқа дейін «жасыл» электр қуатын өндіріп, көміртегі ізін айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді. Жобаны іске асыру қоршаған ортаға 440 мың тонна көмірқышқыл газы таралуының алдын алады. Бұл Париж келісімі мен 2060 жылға қарай ұзақмерзімді көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізу қамында Қазақстан мойнына алған міндеттерге сай.

Жел электр станциясын салуға құйылған инвестиция көлемі – 74 миллирад теңгеден астам. Жобаның құрылыс кезеңінде 300 және 2025 жылға қарай іске қосылып, қызметін бастағанда 25 тұрақты жұмыс орны ашылады. 

- ERG-дің алғашқы жел генераторларының желіге қосылуы – Топтың «жасыл» энергетика мен көміртегі ізі төмен өнім, отандық феррохром өндіруге бағытталған жаңа жолындағы айтулы қадам,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов. – Оның үстіне бұл мұндай тарихи оқиғаның Топ кәсіпорындарының отаны – Қазақстанда әрі ERG-дің мерейлі 30 жылдығына тұс келгеніне ерекше қуаныштымыз. Әр генератордың қуаты – 6,25 МВт, яғни елде әзірге олардың теңдесі жоқ екенін айта кеткен жөн. Осылайша, біз отандық өнеркәсіптің, еліміздің дамуына, мұнда қосымша құндылық қалыптастыруға инвестиция құйып жатырмыз. Бұл жобаны іске асыруға сүбелі үлес қосқан әріптестеріміздің баршасына алғыс айтамын. ERG бір жел электр станциясын салумен шектелмейді. «Жасыл» энергетика бағытындағы жаңа жобаларды қарастырып жатырмыз.

Естеріңізде болса, қарашаның соңында Eurasian Resources Group қытайлық Huadian және қазақстандық Argestus компанияларымен Екібастұз қаласы маңында қуаты 200 МВт жел электр стансасын салу туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойғанын хабарлаған. Жоба 2026 жылдың соңына дейін қуаты 200 МВт жел электр станциясын желіге қосуды көздейді. Құйылатын инвестиция көлемі – 80 млрд. теңгеден асады.

ERG Жел электр станцияларын салу ісінде өзге серіктестермен әріптестікке дайын.