ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ ұжымдық келісімшартқа қол қойды. Ұжымдық келісімшарт – жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы құқықтық қатынастарды реттейтін негізгі құжат. 2025-2027 жылдарға арналған жаңартылған келісімшарт барлық негізгі әлеуметтік кепілдіктерді сақтап қана қоймай, компания қызметкерлеріне қосымша артықшылықтар беретін маңызды тармақтармен толықтырылды.
Алдыңғы ұжымдық келісімшарт 2022 жылы қабылданып, өзінің қолданылу мерзімінде жоғары тиімділігін көрсетті және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін қамтамасыз етті. Аталған жылы ұжымдық келісімшарт республикалық «Парыз» байқауына қатысып, 3-орынға ие болған. «Экологияға қосқан сүбелі үлесі үшін» аталымында марапатталды. Бұл компанияның қоғам мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.
Құжат медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді сатып алу шығындарын өтеуді, оқу кезеңіндегі өтемақы төлемдерін, емдеу үшін пайызсыз қарыздарды ұсынуды, маңызды өмірлік оқиғаларға материалдық көмек көрсетуді, санаторийлерге жолдамалардың жартылай төлемін, сондай-ақ балалар демалысын ұйымдастыруды қамтиды.
Ұжымдық келісімшартқа қол қою – әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталған кәсіподақ комитетімен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Біз қызметкерлерімізге қосымша артықшылықтар ұсынып, олардың кәсіби және жеке дамуы үшін жайлы жағдай жасағанымызды мақтан тұтамыз, - деді «Шұбаркөл көмір» АҚ Бас директоры Сергей Ким.
Ұжымдық келісімшарттың жаңашылдықтарының арасында вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған өтемақы төлемдері едәуір ұлғайтылды. Сондай-ақ, маңызды жаңашылдықтардың бірі – барлық төлемдерді айлық есептік көрсеткіштермен (АЕК) есептеуге көшу, бұл олардың мөлшерін жыл сайын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа ұжымдық келісімшартта біз жұмысшылардың ұсыныстарын назарға ала отырып, барлық әлеуметтік кепілдіктерді сақтап, өтемақыларды көбейттік, – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ «Жәрдем» кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұржан Сейдуәли. – Бұл келісімшарт айтарлықтай әлеуметтік бағытталған және кәсіпорын қызметкерлерінің қазіргі заман талабына сай қажеттіліктерін ескере отырып жасалды.
Жаңа ұжымдық келісімшарт «Шұбаркөл көмір» АҚ үшін кәсіпорын қызметкерлерін қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты нығайтудың келесі қадамы болып табылады.