ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ басшылығы мен кәсіподақ ұйымы 2025-2029 жылдарды қамтитын жаңа ұжымдық келісімшартқа қол қойды. Жаңа ұжымдық келісімшарт – қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, тараптардың конструктивті серіктестігіне негіз болып, еңбек қатынастарын реттейтін құжат.
Тың құжатта жаңартылған Еңбек Кодексі мен заңнамаларға енгізілген өзгерістердің барлық талаптары ескерілген. Бастысы, онда осыған дейін болған қызметкерлерге арналған әлеуметтік және еңбек кепілдіктері мен жеңілдіктер түгел сақталды.
Маңызды өзгерістің бірі – барлық төлемдерді айлық есептік көрсеткіштермен (АЕК) есептеуге көшу. Бұл төлем мөлшерін жыл сайын арттыруға сеп.
Басшылықтың шешімімен жұмысын вахталық әдіспен атқаратын қызметкерлерге берілетін төлемақы мөлшері ұлғайтылады.
Ұжымдық келісімшартта құқықтар, жеңілдіктермен қатар қызметкерлерге арналған әлеуметтік кепілдіктер атап көрсетілген. Мәселен, жұмыс беруші есебінен медициналық қызмет көрсету, жүктілігі мен босануға байланысты демалысқа шығар алдында әйелдерге қосымша 24 күнтізбелік күн көлемінде ақылы әлеуметтік демалыс қарастырылған.
Кәсіпорындағы еңбек өтілін ескере отырып, қосымша демалыс күндерін (10 күнге дейін) ұсыну, қызметкер оқуда болған кезде өтемақы төлемдерін, санаторийлер мен демалыс орындары жеңілдікпен жолдама алуға қаражат бөлу, балаларды сауықтыру лагерлеріне бағыттау және т.с.с. қарастырылған.
Одан бөлек, балалы болған, жақындарынан айырылған жағдайларда, меретойларға, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналарды қолдау, қызметтік міндеттерін атқару барысында қайғылы оқиғадан зардап шеккен қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне қамқорлық көзделген. Мерейтой иелері мен жасы толып, зейнет демалысына шығатын қызметкерлер де назардан тыс қалмайды.
– Жаңа ұжымдық келісімшарт тараптардың мүдделерін ескере отырып, өзара сенімді серіктестіктің кепілі болады, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ Бас директоры Владимир Красноярский.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Уәлиханов конструктивті диалог орната білген комиссия мүшелеріне алғыс айтты.
– Жаңа ұжымдық келісім шарт – «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретіндегі позициясын нығайтып, оның алдағы уақытта орнықты дамуының берік іргетасы болады, – деді ол.