Бауржан Какимжановичтың тау-кен металлургия және кен өндіру кәсіпорындарында 40 жылдық еңбек өтілі бар. Ол еңбек жолын 1984 жылы Дөң тау-кен байыту комбинатының №2 ұсатып-байыту фабрикасында бастаған.
Қазақ политехникалық институтын аяқтағаннан кейін фабрикада сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істеді. 1992 жылы ұсақтау учаскесінің шебері қызметіне ауысты. Учаске басшысы, цехтың бас инженері қызметтерін тізгіндеді. 2000 жылы №2 кен байыту фабрикасының басшысы қызметіне тағайындалған.
Оның жетекшілігімен кезінде шекемтас өндірісінің учаскелері салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Бауржан Какимжанович техникалық директордың орынбасары, Дөң тау-кен байыту комбинаты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.
Соңғы жылы Дөң тау-кен байыту комбинатының кен байыту фабрикаларында технологиялық және техникалық аудит жүргізді.⠀
Бауржан Утемисов – өндірістік процестерді жақсартуға бағытталған көптеген идеялардың авторы. Ол тәжірибелі тәлімгер, бүгінде оның шәкірттері жоғары лауазымдарда жұмыс істейді.
«Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қазхромның үздік рационализаторы» төсбелгілерімен, Ақтөбе облысы әкімінің құрмет грамотасымен және бірқатар корпоративтік марапаттармен марапатталған.
Ол Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры қызметінде кәсіпорынды осы уақытқа дейін тізгіндеген Нұрлан Маркусұлы Саринжиповты ауыстырды.
Кәсіпорын басшылығы Нұрлан Маркусұлына компанияда жұмыс істеген жылдары мен өндірісті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.